Үкімет Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына дайындықты пысықтады
Қазақтың заңғар жазушысының мерейтойын атап өту жөніндегі жалпы республикалық жоспарға сәйкес, биыл 4 бағыт бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылады. Оның ішінде М. Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейі ғимаратына ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, Шолпан-Атада жазушының бюсті орнатылады. Мектеп оқушыларына арналған «Әуезовтану» бейнедәрістер циклы әзірленіп, әдеби подкасттар жасалады. Халықаралық театр фестивалі өткізіліп, «Ақан-Зайра» трагедиясы алғаш рет сахналанатын болады.
Сондай-ақ «Қилы заман» повесі бойынша телехикая түсіру қолға алынады. Шетел мұрағаттарында М. Әуезовке қатысты құжаттар зерделеніп, тың материалдарды іздестіру қарастырылған.
Одан бөлек, өңірлік деңгейде жоспардан тыс 500-ден аса мерекелік шара өткізу көзделіп отыр. Осыған байланысты Е. Тоғжанов жазушының мерейтойын атап өтуге барлық өңір лайықты деңгейде атсалысуы қажеттігін атап өтті.
Кеңес барысында әдебиеттанушылар мен жазушылар тарапынан мерейтойды атап өтуге қатысты бірқатар ұсыныс айтылып, жұмыс тобы оларды іс-шаралар жоспарына енгізуді мақұлдады.
Вице-премьер қоғамдық маңызы бар мәдени-бұқаралық, ақпараттық-имидждік, ғылыми зерттеу, ағартушылық іс-шаралардың жоғары деңгейде орындалуы үшін бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрілігіне жоспар мен мерейтой логотипін барлық мемлекеттік органға уақытылы жолдауды және оның іске асырылуы туралы есептік ақпаратты тоқсан сайын Үкіметке енгізіп отыруды тапсырды. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жоспардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.