Ораза қазасы немесе қарызы. Оны қалай өтейді?
Ораза қазасы қай кестеге қарап өтеледі?
Рамазан айынан кейін оразаның қазасын өтейтін адам күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақыт – ауыз бекіту уақыты, сол уақытқа дейін сәресін ішіп-жеуге рұқсат. Ал ақшам намазы уақытының кіруі ауыз ашар уақытын білдіреді.
Қаза оразаға ниет қалай жасалады?
Қаза оразасының арнайы ниет-дұғасы жоқ. Мәсәлен былай ниет етуіне болады: "Ниет еттім Алла ризалығы үшін осы жылғы Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразаның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші)".
Қаза оразаны қай уақытқа дейін өтеу керек?
Ханафи мәзһабында Рамазан оразасының қазасын өтеу уақыты шектелмеген. Яғни, келесі Рамазан айына дейін немесе одан кейінгі уақытта да өтеуге рұқсат етіледі. Дегенмен, уақытты созбай тезірек өтеген жөн.
Қаза ораза күндер оразасын үзбей ұстау керек пе?
Үзбей ұстау мәселесі – 60 күндік кәффәрат оразасына қатысты. Ал қаза оразаларында үзбей ұстау шарты қарастырылмаған. Бөліп-бөліп өтеуге болады.
Қаза оразасын әдейі бұзған жағдайда, 60 күн кәффәрат оразасын ұстау керек пе?
Қаза оразаны әдейі, себепсіз бұзу – күнә. Әйтсе де, кәффәрат өтемейді. Сол күнді қайтадан ұстайды.
Қаза оразасы бола тұра, нәпіл ораза ұстауға бола ма?
Ханафи мәзхабы бойынша, рұқсат етіледі. Дегенмен, алдымен қаза оразаны тезірек өтеп алу жағына мән берген абзал.
Қаза оразаны үш күн айт біткен соң ұстау шарт па?
Ораза айттың екінші күнінен бастап, қаза оразаны өтеуге рұқсат етіледі.
Шәууәл оразасы мен қаза оразаларды бірге ниет етіп ұстаса бола ма?
Жоқ. Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан бөлек-бөлек ұсталады.