Оразаны қандай нәрселер бұзбайды
Оразаны қандай нәрселер бұзбайды? Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек; құлаққа су кіру, топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды; қан алдыру немесе сүлік салдыру; көзге, құлаққа дәрі тамызу; мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу; тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт; ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет. Сондай-ақ душқа, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды, - деді Ершат қажы.
Оның айтуынша, әдейі бір нәрсені жеп-ішу; темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау; аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту оразаны бұзады. Сонымен қатар, себепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады.