Мәулен Әшімбаев ардагерлерді Наурыз мейрамымен құттықтады
Мемлекет басшысы мүгедектігі бар азаматтарға жүйелі түрде қолдау көрсетуге үнемі баса мән беріп келеді. Бұл сала Сенат жұмысының да негізгі бағыттарының бірі. Осыған орай бүгін елордамыздағы «GreenTAL» әлеуметтік шеберханасына арнайы барып, кәсіпорын жұмысшыларын Наурыз мейрамымен құттықтадық.
«GreenTAL» – мүгедектігі бар адамдарды, балалар үйінің түлектерін және басқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтарды оқытып, жұмыспен қамтып отырған маңызды жобалардың бірі. Қазіргі таңда бұл жерде ағаш, тігін цехтары, баспахана және безендіру студиясы жұмыс істейді. Осындай тың бастаманы табысты іске асырып отырған әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеровке алғысымызды білдіреміз, - деп жазды М.Әшімбаев.
Сонымен қатар елорда әкімі Алтай Көлгіновпен бірге «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қамкөңіл жандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап шықты. Бұл орталықта жасы келген және мүгедектігі бар адамдарға сапалы күтім жасау үшін толық кешенді қызмет көрсетіледі.
Орталық тұрғындарының арасында соғыс және еңбек ардагерлері бар. Адам қартайған шағында бір ауыз жылы сөз бен ілтипатқа көбірек мұқтаж болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бүгін қарияларымызды құттықтап, аға буынның елдік мүдде жолындағы ерік-жігері мен қажырлы еңбегі үшін алғысымызды білдірдік.
Үлкендерімізге құрмет көрсетіп, қамқорлық таныту – қашанда біздің перзенттік және азаматтық борышымыз. Бұл – ұлтымыздың қанына сіңген қасиет. Сол себепті, мемлекеттік органдар бұл бағытта әрі қарай да жүйелі жұмыс жүргізіп, әлеуметтік қолдау шараларын арттыра береді, - дейді Сенат спикері.