Зиябек Қабылдинов: Бұрынғы облыстарды қалпына келтіру – стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім
Президенттің ең сындарлы шешімдерінің бірі бұрын таратылған бірқатар облыстарды қалпына келтіру болды: мысалы, ауқымды Қарағанды облысын бөлу негізінде біз «тарихи» атауы бар екінші, жаңа – орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысын алдық. Жаңа облыс аумағында ежелгі заманда-ақ Еуразияның алғашқы металлургиялық орталықтары пайда болған, оларды кезінде біздің институттың профессоры, академик Ә.Марғұлан егжей-тегжейлі және мұқият зерттеген, онда ҚазКСР Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті Қ.Сәтбаев белсенді жұмыс істеген. Жаңа Ұлытау облысының аумағында Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан жерленген, бұл өңірді туристік тұрғыдан өте тартымды етеді. Бұл аумақ Шыңғыс ұрпақтарын хан тағына көтеру – «ақ киізге көтеру» дәстүрімен байланысты. Сондай-ақ, соңғы жылдары Жезқазған қаласы мен оның жақын маңындағы округтері оңай емес әлеуметтік-экономикалық кезеңдерді бастан өткергені жасырын емес. Сонымен қатар, бұрынғы Қарағанды облыстық орталығы жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктен едәуір қашықтықта орналасқан.
Семей облысы да жаңа атаумен – Абай облысы болып қалпына келтірілді, дегенмен облыс орталығын Алаш деп те атауға болады. Бұл облыс әрқашан республиканың басты және ірі рухани, зияткерлік орталықтарының бірі болып келді және біздің Президентіміздің ұлы Абайға құрмет көрсеткені анық.
Мемлекет басшысының дұрыс және сындарлы шешімі жаңа атаумен – орталығы Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының және орталығы Қапшағай қаласындағы Алматы облысының қалпына келтірілгені болды. Соңғысын Қонаев қаласына өзгерту жоспарлануда, бұл да еліміздің бұрынғы басшысына деген құрмет тұрғысынан дұрыс.