Арманбек Баймурзин: Жол-көлік оқиғаларының 99 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алады
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыста жол-көлік оқиғасының саны 19,9%-ға жоғарылаған. Ал онда қаза тапқандардың саны 20,8%-ға, жарақат алғандар – 27,5%-ға артқан. Бұл – алаңдатарлық статистика.
Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, көлік апаттарының 99 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алған. Көлік жүргізушілері көп жағдайда жылдамдықты асырады немесе рульде ұйықтап кетеді.
Сондай-ақ, жолдың белгіленбеген бөлігінен немесе бағдаршамның тыйым салынған белгісінен кесіп өтетін жаяу жүргіншілер де ережені жиі бұзады, осылайша олар өз денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.
ПД бастығы, сонымен қатар, жамбылдық полицейлермен жол-көлік апаттарының алдын алу, жүргізуші тәртібінің деңгейін арттыру мақсатында тұрақты түрде «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жол апатының орын алуына жол жағдайының сапасыздығы да себеп болуда. Осығай байланысты, Полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2 627 шақырым жолды қамти отырып, облыстың автомобиль жолдарына 424 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1 771 ақау анықталып, кемшіліктерді жою бойынша нұсқама берілді. 33 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жоғарыда келтірілген статистиканың артында жақынынан айырылған адамдар тұрғанын ұмытпайық. Ең бастысы – жол қозғалысы ережесін сақтаңыз. Есіңізде болсын, жол – қателікті кешірмейді! – деп жазды А.Баймурзин.