Елордада тіл жанашырының мерейтойына арналған кеш өтті (ФОТО)
Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында, сондай-ақ елордамыздың тарихында мәңгілік сақталатын ономастика саласында жүргізілген жұмыстарды насихаттау, Оразкүл Асанғазықызының өмір жолындағы ел мүддесі үшін жасаған еңбегінің өнегелі тұстарын көрсету мақсатында өткізілген бұл кеште қазақ тілінің бүгіні мен келешегіне қатысты көптеген әсерлі әңгіме айтылды. Сонымен қатар Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры әртістерінің қатысуымен театрландырылған қойылымдар қойылып, елімізге танымал өнерпаздар әннен шашу шашты.
Кеш тізгінін Парламент Сенатының депутаты, белгілі журналист Дана Нұржігіт ұстады. Оразкүл өміріне қанық жүйрік журналист кеш иесін керемет әңгімеге тартып, ана тіліміз бен ұлттық рухымызды оятатын игілікті істер жайлы тереңнен толғап, тебіреніспен қайырып отырды. Ине шаншар жер қалмай, түрегеп тұрып кешті тамашалаған көрермендер де кештен керемет ой алып қайтты.
Кеш барысында елорда әкімі Алтай Көлгінов құттықтау хатын жіберіп, кеш иесін мерей тойымен құттықтады.
Бұл кеш маған ғана көрсетіліп отырған құрмет емес, бұл қазақ тіліне жасалған қамқорлық деп білемін. Ұлтымыздың ең үлкен байлығы – ол тілі мен діні. Оны ардақ тұту – барлық азаматтың борышы. Тіл тәуелсіз болмай, сана да тәуелсіз болмайды. Көше атауларын қазақшалау да рухты оятатын игілікті іс. Ендеше бұл жұмыс жаңа Қазақстанда да жаңаша бағытпен өз жалғасын табуы керек, – деді Оразкүл апай көрермендерге де ықыласын білдіріп.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ