Тоқаев әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады
Қымбатты ханымдар!
Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осынау шуақты көктем мерекесі әсемдік пен әдеміліктің, мейірім мен махаббаттың символына айналды. Халқымыздың «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөзінің терең мән-маңызы бар.
Қазақстанда әйелдерге барлық жағдай жасалған. Олар білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, өндіріс пен құқық қорғау және басқа да салаларда табысты еңбек етуде.
Мемлекеттік органдар мен ірі компанияларда басшылық қызмет атқаратын немесе бизнес саласында кәсібін өркендетіп жүрген әйелдеріміз аз емес. Қыз-келіншектер еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене атсалысуда.
Өскелең ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беру ісінде әйелдер айрықша рөл атқарады. Асыл аналардың еңбегі қандай құрметке де лайық.
Кез-келген істе әйелдердің кәсіби біліктілігі пен жауапкершілігі айқын аңғарылады. Олар барлық ортада үндестік пен үйлесімді, өзара түсіністік пен татулықты нығайтуға ұйытқы болады.
Біздің еліміз саяси өзгерістер мен жүйелі жаңғыру кезеңіне қадам басты. Осы орайда, әйелдер қауымының жасампаздық қасиеті мен күш-қуаты Жаңа Қазақстанның ілгерілеуіне септігін тигізеді деп сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!