Халықтың табысын арттыру бағдарламасы дайын – Ералы Тоғжанов
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Вице-премьердің айтуынша, жоба бірнеше бөлімнен тұрады. Негізінен басшылық табысы мен қызметкер жалақысы арасындағы айырмашылық тепе-теңдігін сақтауға бағытталады. Жаңа қағидат квазимемлекеттік салаға да қатысты.
Ең үлкен сұрақ бұл инфляцияға байланысты. Табыс көздері бір бөлек, ал инфляцияны тежеу екінші сұрақ. Инфляцияны тежеуге байланысты 2022-2024 жылдарға арналған ақпанның 15-сі нақты шаралар қабылданған болатын. Кешенді жоспар. Бұл шешімдер қазіргі жағдайға тікелей әсерін тигізеді. Сөз жоқ инфляция ішіндегі ең үлкен алғашқы мәселе азық-түлік, - деді Ералы Тоғжанов.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша Қазақстанның ішкі нарықтағы үлесі - 80 пайыз. Бұл жағдай бірінші қажеттіліктегі өнім бағасының күрт өсіп кетуіне жол бермейді. Қазіргі таңда тізімде тауардың 19 түрі бар. Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялардың бізге тиер кері әсері қазірдің өзінде сезіліп жатыр. Бұл елден келетін импорт үлесі 42 пайыз.
Вице-премьердің айтуынша, бұл - аз емес. Сондықтан тығырықтан шығар жаңа жолдарды қарастыру қажет.