00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Қазақстан халқына» қоры қаңтарда қаза тапқандардың отбасыларына да көмек көрсетеді

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Қазақстан халқына» қоры қаңтарда қаза тапқандардың отбасыларына да көмек көрсетеді
ашық дереккөз

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза тапқандардың, сондай-ақ жарақат алғандардың отбасыларына көңіл айтады. Бұл жақынынан айырылған, жараланған әрбір адам үшін үлкен қасірет. Еліміз қайғылы оқиғадан кейін тиісті қорытынды шығарып, халқымыздың бірлігі нығая түседі және осы жағдай енді қайталанбайды деп сенеміз. Ешбір ақшалай төлем ет бауыр жақынның орнын толтыра алмайтынын түсінеміз», - делінген қордың мәлімдемесінде.

Оқиғаның кездейсоқ құрбаны болған қаза тапқан әскери қызметшінің, ішкі істер органдары қызметкерінің, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерінің, азаматтық тұлғаның әрбір отбасына 7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Ауыр жарақат алған әскери қызметшілерге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ жараланған балалардың әрбір отбасына 3 млн теңгеден бөлінеді. Сондай-ақ, қор қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары қызметкерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына, сондай-ақ қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған (қаза тапқан) кәмелетке толмаған балалары бар азаматтық тұлғаларға қосымша қайырымдылық көмек көрсету мәселесі бойынша жұмыс жүргізуде.

«Қазақстан халқына» қорына Қорғаныс министрлігінен, Ішкі істер министрлігінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Республикалық ұланнан 21 адамның қаза тапқаны және 94 адамның ауыр жараланғаны туралы ақпарат келіп түскен.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл А.Саиннен 3 қаза тапқан және 4 жараланған бала, сондай-ақ бір көпбалалы ананың қайтыс болғаны туралы ақпарат жолданды.

Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Э.Әзімовадан қаңтар айындағы оқиғалардың кездейсоқ құрбаны болған 29 ел азаматы туралы ақпарат ұсынылды. Осы тізімдегі үш адам Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің тізімінде, екеуі ҰҚК тізімінде қайталанады.

Қамқоршылық кеңес қордың басқармасына қаза тапқан және жараланған әскери қызметшілердің, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің, қаза тапқан және жараланған балалардың отбасыларына белгіленген соманы төлеуді тапсырды. Сондай-ақ, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілден алынған тізімге сәйкес қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болған (қаза тапқан) азаматтық тұлғалар отбасыларының байланыс деректерін анықтау тапсырылды.