00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мүдделер қақтығысы: Жұмыртқа бағасы шарықтай ма, құлдырай ма?

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мүдделер қақтығысы: Жұмыртқа бағасы шарықтай ма, құлдырай ма?
ашық дереккөз

Статистика

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда 370 млн тауық жұмыртқасы өндірілген. Бұл аз ба, әлде көп пе? Егер 2021 жылдың статистикасына сүйенсек, жұмыртқа көлемі 20% көп болған. Өңірлер бойынша көшбасшы аймақтар: Алматы облысы – 70 млн дана, Ақмола облысы – 60 млн дана және Солтүстік Қазақстан облысында – 55 млн дана.
 

Жалпы, тауық жұмыртқасының 87%-ын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өндіреді. Өйткені шағын шаруашылықтармен салыстырғанда ірі кәсіпорындардың мүмкіндігі көбірек. Қалған 13 % - ауыл шаруашылығына және фермерлік шаруашылыққа тиесілі болып отыр.

Ал елордада құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпорын жоқ. Бас қаладағы базарлар мен сауда нысандарына жұмыртқа көбіне Қарағанды және Ақмола облыстарынан жеткізіледі.

Жұмыртқа бағасы арзан ба, әлде қымбат па?

Бұл сұраққа жауап беру үшін статистикаға қайта жүгінуге тура келеді. Өткен жылдың қаңтар айындағы көрсеткішпен салыстырғанда жұмыртқа бағасы 3% төмендеді. Айта кету керек, 1-сұрыптағы жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар тауар түріне кіреді. Сол себептен мемлекет үнемі жұмыртқа бағасын бақылауда ұстап тұруға тырысады. Бұл жерде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің үлесі көп. Мәселен, жақында 9 ірі өндіріс орнында тексеріс басталды: Түркістан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында. Сондай-ақ олардың назарына 3 көтерме жеткізуші түсті.

Осылайша, елімізде қазіргі таңда 1-сұрыптағы тауық жұмыртқасы 385 теңге. Ең арзан жұмыртқа Петропавл қаласында – 300 теңге, ал ең жоғары баға Нұр-Сұлтан қаласында – 473 теңге. Алайда, бұл жерде айта кету керек, Ұлттық статистика бюросының мәліметі Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ресми ақпаратымен сәйкес келіңкіремей тұр.

Басқарманың мәліметінше, елордадағы жұмыртқа бағасын тұрақты ұстау мақсатында «Курочка ряба» компаниясымен келісімшарт жасалған. Оған сәйкес 6 250 000 дана жұмыртқа жеткізу жоспарланған. Қазір 43 теңгеден «Шапағат», «Астаналық» және «Евразия», «Small», «Астықжан», «Анвар», «Аян», «Азат» сынды ірі сауда орындарында бар. «Магнум» сауда желісінде де осы баға. Ал «AQMOL»  сауда үйінде 34 тенге. Сонымен қатар Ақмола облысының сауда өндірушілерінің жәрмеңкесінен (Жеңіс 66А) 38 теңгеден елорда тұрғындары ала алады.

Мүдделер қақтығысы

Жоғарыда атап өткеніміздей, былтыр күзде құс тұмауының кесірінен мемлекет Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында тауық өнімдерін экспорттауға тыйым салды.

Бұл шара кәсіпкерлер арасында айтарлықтай наразылық тудырды. Олардың сөзінше, нарықта жұмыртқа көбейіп кетті. Содан баға түсіп, жұмыртқа өндірісімен айналысу тиімсіз болып отыр. Жұмыртқа өндірушілер ассоциациясының есебінше, соңғы екі айда осы саладағы кәсіпорындар 1,5 млрд теңге шығынға ұшыраған.

Қарағандыдағы «Ushtobe Qus» ЖШС басшысы Валерия Семенованың пікірінше, жарты жыл бойы шығынға жұмыс істеп жатыр. 

Біздің жағдайымыз қиын. Ішкі нарық жұмыртқаға толы, ал экспорт жабық. Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірушілер өз шығынын өздері өтей алады деп шешті. Ал біздің өнімімізге сұраныс әр кезде әртүрлі. Сол себептен жырты жыл бойы шығын көрсек, қалған уақытта аз ғана пайда көреміз. Осындай кезде субсидия бізге едәуір көмек болатын. Біз ол қаражатқа тауықтың жем-шөбін алатынбыз. Бұған қоса, айналым құралдарының жетіспеуі тағы бар. Қазір біздің сенім артар ешнәрсеміз қалмады. Жұмыртқаны өзіндік құнынан арзан бағаға береміз, бидай ҚҚС (НДС) қоса есептегенде 128 теңге. Қарашадан бастап қызметкерлердің жалақысын көтердік, оны уақытында төлеу керек. Қаңтардан бастап құс союды бастадық, жоспар бойынша наурызда бастауымыз керек еді. Өндіріс көлемі төмендеп жатыр. Егер бұрын тауарымыздың жартысы экспортқа шығатын болса, қазір 4 облыста экспорт жабық тұр. Министрлікке қанша айтсақ та Қытайға экспортты ұйымдастырмай отыр. Антимонополия комитеті сұраныстарын жиі жібере береді. Біз 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, қаншама жұмыс атқарылды, жақсы нәтижелерге жеттік. Енді бұл ешкімге керек емес болып қалды, - деді В.Семенова.

Оның пікірімен өзге өңірдегі шаруашылық иелері де келісіп отыр.

Жаңа жылдың алдында тірі тауықты сою бастадық. Бұрын 1 дана жұмыртқаға субсидия 3,2 теңге болатын. Дәл қазір 1 теңге. Бұл – өте аз. Оның үстіне жұмысшылардың жалақысы 30% көтерілді. Жаңа жылдың алдында 120 адам жұмыс істеген, қазір 20 азаматты жұмыстан босаттық. Өткен жылы 250 мың тауық басы болған. Қазір 180 мыңға қысқарттық. Енді оны тағы қысқартамыз ба деп қорқамын! Қайтадан балапан алып, оны өсіріп, жұмыртқа бергізу үшін кемінде 7-8 ай кетеді. Қазір жұмыртқаның көтерме бағасы 25 теңгеден сатылуда, бірақ жұмыртқаның өзіндік құны 35-36 теңге. Ақмола облысының дүкендерінде жұмыртқа бағасы 40 теңгеден, сол себептен бізді көпшілік жақсы табыс табады деп ойлайды. Бірақ бар пайданы делдалдар көріп отыр. Соларды тексеру керек. Бағаны алып-сатарлар көтерсе де, бізді тексеріп, сөгіс айтады, – деп шағымданды «Ақкөл Құс» ЖШС басшысы Сапарғали Әбдірайымов.

Отандық Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божконың пікірінше, мемлекет қабылдаған шаралар қысқа мерзімде жақсы көрсеткіштерге жеткізсе, ал стратегиялық тұрғыдан алғанда тиімсіз.

Қысқа мерзімде қарасақ, мұндай шаралар өз нәтижесін береді, ел ішінде бағалар түседі. Бірақ ұзақмерзімді перспективамен қарағанда, бұл – бизнеске шығын әкеліп, өндіріс көлемін азайтады. Артынша дефицит болып, баға шарықтайды. Сол себептен экспортқа шектеу қою дұрым шешім емес, – деді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, Максим Божконың сөзі шындыққа сәйкес келеді. Бірақ оның «бұл тауар түріне мемлекеттік реттеу болмауы керек» деген ұсынысы күлкі келтіреді. Өйткені кезінде Қазақстандағы барлық кәсіпорын мемлекеттен көмек алды. Мұны қауымдастық президенті ұмытып тұрған сияқты.

Қазір біз өндіретін және сататын тауар көптеген мемлекеттік органмен реттеледі. Нақты айтқанда, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, әкімдіктер және т.б. Меніңше, нарықтық экономика принципі бойынша азық-түлік бағасына мемлекет араласпауы керек, - деді М. Божко.

Оның пайымынша, әлеуметтік осал тұрғындарды осылай қолдау -  қате тәсіл. Өйткені тұрғындардың 5-10%-ның мәселесі үшін тұтастай ауылшаруашылық саласына кедергі келтіріп тұр.

Нарықтың көрінбейтін тұстары

Ал енді Ауыл шаруашылығы министрлігі болса субсидиялаудың жаңа түріне көшіп, жаңа тәсілдерді жасау үстінде. Басты ұсыныс – субсидияның санын 47-ден 20-ға қысқарту. Министрлік агроөнеркәсіп саласы өз күшімен дамуы үшін мемлекеттік қолдауды азайту қажет деп есептейді. Ол да дұрыс.

Айтпақшы, ЕАЕҚ ережелері бойынша ауру өршігеннен кейін 3 айдан соң экспортқа жол берілуі тиіс. Яғни, логикаға сүйенсек, келесі айдан бастап қазақстандық жұмыртқалар экспортқа шыға бастайды. Ал бұл – нарықтағы бағаның өзгеруіне әкеледі. Демек, мәселенің шешімін алдағы уақыт көрсетеді.

Назерке Еркінқызы