Алматыда шопан қару-жарақ сақталған қойманы тауып алды
Ведомство мәліметінше, Алматы қаласы Алатау ауданының полицейлері оқ өткізбейтін кеудеше, дулыға, травматикалық тапанша мен ондаған оқ-дәрі тәркілеген.
Бөлімшеге У. есімді азамат хабарласты және «Дархан» ықшам ауданындағы сайда мал бағып жүргенде қару-жарақ тауып алғанын хабарлады. Ақпарат расталды. Жедел-тергеу тобы дулыға, оқ өткізбейтін кеудеше, Калашников автоматынан мүйіз, 7,62 миллиметр калибрлі 20 оқ-дәрі, «Беретта» травматикалық тапаншасы, таяқта, «Макаров» тапаншасының 19 оқ-дәрі және белгісіз травматикалық тапанша тәркілеген, - деді Алатау аудандық Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ілияс Өмірсеріков.
Тәркіленген заттар қайдан алынғаны тексеру барысында анықталады. Арсеналды жасырған тұлғалар анықталып, жауапқа тартылатыны айтылды.