Ләззат Ибрагимова пәтер жалдау төлеміне қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді
1. БҰЛ НЕ
Бұл төлемдер – тұрғын үй жалдайтын жекелеген отбасыларға бюджет қаражаты есебінен өтеусіз негізде берілетін, өтемақы түріндегі мемлекеттік қолдау. Ескеретін жайт, бұл төлемдер коммуналдық төлемдерді қамтымайды.
Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғын үй төлемдері тепе-теңдік негізде жүзеге асырылады, ондағы 50% – бюджет қаражаты есебінен, 50% төлемдерді алушының өз есебінен.
Осылайша, егер мұқтаж отбасы пәтерді 120 мың теңгеге жалға алса, онда 60 мың теңгені өз қаражаты есебінен төлейді және 60 мың теңге бюджет қаражаты есебінен өтелетін болады.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау кезінде бұл төлемдер жүзеге асырылмайды, яғни сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын азаматтар бұл бағдарламаға қатыса алмайды.
2. НЕ ҮШІН
Бірінші мәселе – қазақстандық отбасыларды қамту мәселесі. Соңғы үш жылда, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде, жыл сайын 20 мыңға жуық отбасы бастапқы жарна түрінде 10% өз қаражатын қолданып, несиелік тұрғын үйлерді алды.
Тұрғын үйді жалға алатын азаматтардың жекелеген санаттары бар және олардың негізгі қажеттілігі – лайықты жағдайда тұру.
Олардың табысы бастапқы жарна жинақтау үшін аз. Қазақстан бойынша орташа құны 10 млн теңге деп есептесек, 50 млрд теңге қаражатқа жалға беру мақсатымен жылына 5 мың пәтер салуға болады.
Жаңа құрал ай сайын орта есеппен 120 мың теңгеге баспана жалдап тұратын 70 мың отбасын қамтып, олардың жалдау ақысын 50% өтемақы арқылы жабуға мүмкіндік береді.
Қамтылғандар саны – 12 есе ұлғаяды.
Қазірдің өзінде басталып үлгермеген бағдарламаға: «Бөтен тұрғын үйді неге жалға алу керек, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй салуға рұқсат етілсін» деген сарында түрлі сын айтылып жатыр.
Жауабы қарапайым: жылына 50 млрд теңгеге ие бола отырып, белгілі бір қатаң шарттар шеңберінде таңдалған 5 000 отбасыны немесе 70 мың отбасыны қамтуға болады. Таңдау әлбетте максималды қамту пайдасына жасалады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Отбасы банк" АҚ-на әкімдіктер қалыптастыратын, бірыңғай республикалық электрондық базасындағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімін банктің сұратуы бойынша 3 (үш) жұмыс күні ішінде жібереді.
3. КІМДЕР ҮШІН
Өтініш берушілер – бұл Бірыңғай республикалық электрондық базада тұрғын үй кезегінде тек төмендегі төрт санат бойынша тұрған азаматтар.
1. 1 және 2 топтағы мүгедектер;
2. мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3. кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, жиырма тоғыз жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
4. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.
Үміткерлердің ЖАО-да (әкімдіктерде) тұрғын үйге мұқтаждар есебінде болуын және тиісті мәртебесінің болуын "Отбасы банк" АҚ мемлекеттік деректер базасымен бірігу арқылы айқындайды.
Өтініш берушіге (үміткерге) қойылатын негізгі талап – отбасының төмен табысы. Отбасының (азаматтың) соңғы 6 (алты) айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.
Осылайша, отбасының бір мүшесінің табысы айына 36 018 теңгеден аспауы шарт.
Мысалы жұмыс істейтін әкесінің жалақысы 250 мың теңгеге тең көпбалалы отбасыны алайық.
Жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын төлегеннен кейін, жан басына шаққандағы отбасы табысы шамамен 33 мың теңгеге тең.
Яғни бұл отбасы төлемдерді талап ете алады деген сөз.
Отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу кезінде соңғы 6 айда алынған табыс ескеріледі және табыстың үш тобы қамтылады:
1. еңбекақы түрінде алынатын табыстар, атап айтқанда: еңбекке ақы төлеу жүйесіне сәйкес жалақының барлық түрлері, оның ішінде кесімді, мерзімдік, сондай-ақ сыйлықақылар, қосымша ақылар, үстемақылар, сондай-ақ ынталандырушы ақша түріндегі және өтемақы төлемдері. Олардың мөлшері БЖЗҚ-на аударымдар негізінде айқындалатын болады;
2. мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті қоспағанда, зейнетақы төлемдері және әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын кірістер;
3. кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістер салық декларациялары негізінде айқындалатын болады.
4. БҰЛ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСАДЫ
Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып электрондық өтініш бергеннен кейін Отбасы банк мемлекеттік деректер базасын пайдалана отырып, үміткердің белгіленген шарттарға сәйкестігін аз уақыт аралығында тексеріп, төлемді тағайындау немесе бас тарту туралы жауап ұсынады. Бұл ретте «Отбасы банк» АҚ-ның ұсынылған құжаттарды қарау және тексеру мерзімі 10 жұмыс күнінен аспайды.
Жалға алу келісімшарты арнайы үлгі бойынша «Отбасы банк» АҚ платформасында жасалады және оған жалға алушы мен жалға беруші қол қояды. Жалға алу келісімшарты бұзылған немесе тоқтатылған кезде, жалға алушы «Отбасы банк» АҚ-на жүгініп, келісімшарт бойынша төлемдерді басқа жалға берушіге тағайындау туралы өтініш жолдай алады.
Төлем келесі жағдайларда тағайындалмауы мүмкін: өтініш берушінің отбасы мұқтаж топтардың төрт санатының ешқайсысына жатпаса және/немесе отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 36 018 теңгеден асып кетсе.
Мақұлдау алғаннан кейін өтініш берушінің мәртебесі төлемді алушыға ауыстырылады.
Мақұлдау алынғаннан кейін «Отбасы банк» АҚ төлемдерді тағайындап, оны жалға берушінің келісімшартта көрсетілген шотына аударады.
Алайда бұл әрекет орындалуы үшін жалға алушы жалдау ақысының 50% арнайы ағымдағы шотта болуын қамтамасыз етуі қажет. Төлемдер жалдау шартының әрекет ету мерзімі ішінде ай сайын, қолма-қол ақшасыз аударылады.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР: Үйді жақын туыстары мен жұбайларынан, оның ішінде бұрынғы жұбайлардан, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың жақын туыстарынан жалға алуға болмайды. Жақын туыстарға: ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер (қарындастар), аталар, әжелер, немерелер жатады.
Жалға берілетін тұрғын үйдің отбасының құрамына қарай төлем жасауға рұқсат етілген жалпы алаңдары:
саны 1-ден 3-ке дейінгі отбасы мүшелері үшін – 40 ш. м. артық емес;
саны 4-тен 5-ке дейінгі отбасы мүшелері үшін – 60 ш. м. артық емес;
саны 6 және одан көп отбасы мүшелері үшін – 80 ш.м. артық емес.
Үлкен аумақты жалға алу кезінде, жалға берілетін тұрғын үйдің ауданына көрсетілген өлшемдердің 50% ғана төленеді.
Төлемдер осы тармақта көрсетілген жалға берілетін тұрғын үйдің ауданы мен отбасының сандық құрамының өлшемдерін ескере отырып жүргізіледі.
5. ҚАНШАСЫ ӨТЕЛЕДІ
Өтініш беруші (үміткер) жеке тұрғын үй қорынан жалға алып отырған баспананың 1 ш.м. жалдау ақысы АЕК-тің жылдық деңгейінің облыстар мен қалаларға белгіленген коэффициентіне байланысты есептеледі. Тұрғын үйді жалға алудың 1 шаршы метрінің құны АЕК мөлшеріне байланысты жыл сайын қайта есептеледі және тиісті күнтізбелік жылдың қаңтарынан желтоқсанына дейін жарамды.
Жалдау ақысының жоспарлы мөлшері аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты. Кестеде 2022 жылға жоспарланған жалдау ақысының максималды төлемдері көрсетілген. Біз жақын күндері ережелердің бекітілуін күтіп отырмыз және өтініштерді қабылдайтын онлайн платформа жұмысын пысықтап жатырмыз, – деп жазды Л.Ибрагимова.