00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Отбасы банкінің салымшылары мемлекеттік сыйлықақы алды

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Отбасы банкінің салымшылары мемлекеттік сыйлықақы алды
ашық дереккөз

116 680 теңге көлеміндегі мемлекеттік сыйлықақының ең жоғары мөлшеріне Отбасы банкінің 382 406 салымшысы ие болды. 2021 жылы олардың әрқайсысы өз есепшоттарында кемі 583 400 теңге немесе 200 АЕК жинақтаған. Депозиттерінде одан да көп қаражат жинаған клиенттер сыйлықақы берілмеген жинақ бөлігі бойынша мемлекеттік сыйлықақыны 2022 жылдың қорытындысы нәтижесінде алады.

Өткен жылы 601 367 қазақстандық алғашқы жарна жинап, қолжетімді шарттармен баспана сатып алу үшін Отбасы банкінде жаңа депозит ашты. Бұл рекордтық көрсеткіш, оған біржолғы зейнетақы төлемдерін жинақ шоттарына аудару мүмкіндігі де сеп болды. Желтоқсан айының 15 күнінде бұл мүмкіндікті 34 мыңнан астам адам қолданды. Олар өз депозиттеріне 55 млрд теңге аударып, оған қоса үстінен мемлекеттік сыйлықақы алып, баспаналы боламын деген мақсаттарына бір табан жақындай түсті, - деп түсіндірді «Отбасы Банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Мемлекеттік бонус болашақта жылдық 5 пайыз мөлшерлемесімен тұрғын үй заемын алу үшін депозит бойынша жинақтау мерзімін қысқартуға көмектеседі. Мемлекеттік сыйлықақы мен банк сыйақысы бірігіп, Отбасы банк депозиттерін нарықтағы ең тиімді салымдардың біріне айналдырады. Өйткені олар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14%-ға жетуі мүмкін. Статистикаға сүйенсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларының тұрғындары Отбасы банкінде қаражат жинақтаудың бұл артықшылығын жоғары бағалайды. Себебі бұл қалалар ең үлкен депозиттік портфельге ие.

Осы жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы 122 520 теңгеге тең болады. Оған қол жеткізу үшін Отбасы банкіндегі шотқа кемінде 612 600 теңге (200 АЕК) жинақтау қажет.

Егер салымшының банкте бірнеше депозиті болса, онда мемлекет сыйлықақысы солардың тек біреуіне ғана есептеледі. Сондықтан, жыл сайын көбірек сома жинауды жоспарлап отырған салымшылар максималды кірісті сақтау үшін отбасы мүшелерінің атына жеке-жеке депозит ашып, жарналарды біркелгі аударып отыра алады. Сонда олардың әрқайсысына мемлекеттік сыйлықақы есептелетін болады. Ал тұрғын үй құнының 50%-ы жиналып, тұрғын үй заемын алу уақыты келгенде (тұрғын үй заемы бойынша мөлшерлеме 3,5%-5%), шоттарды біріктіріп, үй немесе пәтер сатып алуға болады. Бұл мүмкіндік «Отбасылық пакет» деп аталады.

Еске сала кетейік, салымшы депозитте 3 жылдан аз уақыт аралығында қаражат жинап, оның шартын мерзімінен бұрын бұзған жағдайда мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылады.