Қазақстанда балалар суреті салынған коллекциялық монеталар шығарылады
500 теңгелік күмістен, 100 теңгелік мельхиордан және нейзильберден жасалған монеталар "Қазақстанның салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары" сериясын жалғастырады.
"Тілашар - әрбір отбасы өміріндегі ерекше оқиға. Бұрын бұл әдет-ғұрып бала алғашқы сөздерін айтқаннан кейін жасалған. Бүгінде білім алу жолындағы алғашқы қадам дегенді білдіреді", - делінген хабарламада.
Монетаның бет жағының (аверс) орталық бөлігінде Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы, айналдыра QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деген жазу, ал төменгі бөлігінде монеталардың номиналын білдіретін жазу орналасқан.
Ал монетаның сырт жағында (реверс) мектеп атрибуты бар балалар суреті, монета жасалған металдың сынамасы мен массасы, соғылған жылы көрсетілген жазу бар.
Монеталар:
- 925/1000 сынамды күмістен, массасы – 24 грамм, сапасы – proof, номиналы – 500 теңге, дайындау таралымы – 5 000 дана;
- МН 25 мельхиор қоспасынан, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 100 теңге, таралымы 30 000 дана;
- МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан, массасы – 11,17 грамм, диаметрі – 31 мм, сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 100 теңге, таралымы 100 000 дана болып дайындалды.
"Күмістен, мельхиор қоспасынан және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың бет және сырт жағындағы бейне бірдей. Күмістен жасалған монеталар түрлі-түсті эмаль жағу технологиясын қолдана отырып жасалған, мельхиордан жасалған монеталарда құбылмалы бет қабатын жағу технологиясы қолданылған", - деп нақтылады Ұлттық Банк өкілі.
Ұлттық банк өкілі монеталарды сату қашан басталатынын кейінірек жариялайтынын мәлімдеді.