Елордада екі емхананың арасын жалғайтын көпір ашылды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында лентасы қиылған көпір емделушілерге уақыт пен күшті үнемдеуге мүмкіндік береді.
Аталған қорға қарасты екі ғимарат: Республикалық диагностикалық орталық пен Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының пациенттері бұдан былай осы емханаларға кіру үшін далаға шығып әуре болмайды.
“Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында игі істің куәсі болып отырмыз. Көптеген жылдан бері қызметкерлеріміз қолайсыздықты сезінген еді. Ең бастысы, біздің кішкентай емделушілерімізге ыңғайлы болуын ойластырдық”, – деп ағынан жарылды қордың басқарма төрағасы Юрий Пя.
“Пациенттерге қолайлы болу үшін екі ғимараттың арасын жалғайтын жаңа өткел салуды ұйғардық. Бұл жерде қанша жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандар түсінеді. Кейде ауыр жағдайдағы пациенттер болады. Оларға шұғыл диагностика жасау үшін көрші ғимаратқа тасып жүру де оңай болмайтын”, - деп атап өтті «UMC» корпоративтік қоры медициналық директордың орынбасары Шолпан Алтынова.
Екі үлкен орталықтың ортасын қосатын көпір еліміздің түкпір-түкпірінен келген емге зәру жандарға жасалған жағдай деп түсінуге болады.
Қос ғимараттың ортасында жүрудің өзі осы уақытқа дейін біраз қиындық тудырған болатын. Өздеріңізге белгілі, бұл жерге республиканың әр өңірінен емге зәру жандар келіп емделеді. Сырқат адамдарға бұл жай ғана көпір емес, үлкен екі орталықтың ұжымын бірге қосатын өткелге айналатынына сенім мол, - деді қордың Ішкі медицина департаментінің директоры Алтай Нәбиев.