Отандық өндіріс өнімдерінің 38%-ы техникалық регламент талаптарына сай емес
Елордалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дүкен сөрелерінен азық-түлік өнімдерін сатып алып, олардың Еуразиялық экономикалық одақ бекіткен техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін тексереді, оның ішінже бактериологиялық, вирусологиялық, санитариялық-химиялық, органолептикалық көрсеткіштеріне, таңбалаудың дұрыстығына санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізеді.
Бақылау жүргізілетін өнімдер қатарында импорттық та, отандық та, оның ішінде жергілікті өнім де бар.
2021 жылғы 10 айда жүргізілген зерттеулер нәтижелері бойынша отандық өндіріс өнімдерінің 38%-ы ЕАЭО ТР талаптарына жауап бермейтіні, оның ішінде 33%-ы жергілікті өндірушілердің, яғни Нұр-Сұлтан қаласының өнімдері екені анықталды.
Олар:
- «Концерн «Цесна-Астық» ЖШС (жоғары және бірінші сұрыптағы ұн құрамында темір мен мырыш мөлшері төмендетілген, бұл таңбалауда көрсетілген мәліметтерге қайшы келеді);
- «ORDA TRADE ASTANA» ЖШС (шайды зең басқан және бұл жайт бірнеше рет анықталған);
- «Коновалов» ЖК («Қуырылған дайын тұшпара» аспаздық өнімінде ішек таяқшасы анықталған);
- «DANLALAN» ЖШС («Тауық еті бар шағын самса» жартылай фабрикатында ішек таяқшасы анықталған);
- «Нурлан» ЖК («Самарқанд халвасы» өнімдерінің таңбалануы дұрыс емес);
- «Столичный хлебный двор» ЖШС (нан-тоқаш өнімдерінің таңбалануы дұрыс емес);
- «Ержанова К.С» ЖК (кондитерлік өнімді өндіруші таңбалау кезінде өндіруші туралы ақпаратты, оның мекенжайын, дайындалған күнін, жарамдылық мерзімін көрсетпеген; өнімнен ішек таяқшасы табылған);
- «Калинин» ЖК (тартылған ет пен «Салқындатылған голубцы» жартылай фабрикатынан зең мен ішек таяқшасы анықталды);
- «Mister food» ЖК (сэндвич ішек таяқшасы анықталды);
- «Сапа НАН» ЖШС (нан-тоқаш өнімдерінің таңбалануы дұрыс емес);
- «Хакимова М.И.» ЖК (өндіруші туралы ақпарат жоқ, кептірілген жемістер мен жаңғақтар оралымы дұрыс таңбаланбаған);
- «Нуралиев» ЖК (өндіруші туралы ақпарат жоқ, өнімнен ішек таяқшасы табылған);
Бұлар – ереже бұзған өндірушілердің бір бөлігі ғана.
Регламент талаптарына сай келмеген өнімдердің 59%-ында микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталды, 23%-ында таңбалау дұрыс емес, 18%-ы санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейді.
Сондықтан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұтынушыларды азық-түлік өнімін таңдауда мұқият болуға шақырады.
Егер тұтынушы өнімнің сыртқы түрі немесе таңбалануы бойынша сәйкессіздік байқаса, сауда желілерінде тасымалдау немесе сақтау шарттарының бұзылғанынан күмәнданса, өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттар болмаған жағдайда аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарын хабардар етуі керек.