00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Әлемде 45 миллион адамға аштық қаупі төніп тұр

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Әлемде 45 миллион адамға аштық қаупі төніп тұр
ашық дереккөз

Халықаралық қауымдастық өкілдерінің пайымдауынша, 2022 жылы бас-аяғы 274 миллион адамға шұғыл көмек қажет болуы мүмкін. Бұл биылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Мамандар жағдайдың ушығуына климаттың өзгеруі мен коронавирус пандемиясы әсер еткенін айтады.

Әсіресе, Ауғанстан, Эфиопия, Мьянма, Сирия мен Йемендегі ахуал алаңдатарлық. Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдеріндегі жағдай да мәз емес. Бір жыл ішінде мұнда ашқұрсақ жүргендер саны 30 пайызға артқан. Сөйтіп, қазір өңірде 60 миллион адам тойып тамақ ішпейтін көрінеді. Бұл кейінгі 20 жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Латын Америкасындағы Гватемала, Сальвадор және Гондураста халықтың шамамен жартысы аштық зардабын тартуға мәжбүр.    

«Әлемде ашқұрсақ жандардың көбеюінің бірнеше себебі бар. Бұл қарулы қақтығыстар, саяси және экономикалық тұрақсыздық, климаттық дағдарыс, сонымен қоса коронавирус пандемиясы. 2022 жылы мұқтаж жандарға гуманитарлық көмек көрсету үшін 41 миллиард доллар қажет болады. Бұл рекордтық сома», - дейді БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық сұрақтар жөніндегі орынбасары Мартин Гриффитс.