Зерттеу: кедей елдердің балалары болашаққа көбірек оптимизммен қарайды
Зерттеу барысында белгілі болғандай, орташа және төмен табыс табатын елдерде тұратын жастардың 64%-ы өсіп келе жатқан жас толқын өздерінің ата-аналарына қарағанда экономикалық тұрғыдан жақсырақ өмір сүреді деп санайды екен. Ал бай елдерде тұратын жастар экономикалық прогреске азырақ сенеді. Орташа есеппен, жастардың 59%-ы бүгінгінің балалары үлкен табысқа жету үшін өздерінің ата-аналарына қарағанда көбірек қысымға ұшырайды деп есептейді.
Жастар үлкен жастағы адамдарға қарағанда өздерін көбірек “әлем азаматы” деп қабылдайды. Қыз балалар ұлдарға қарағанда гендерлік теңдік жайлы 8%-ға көбірек ойланады. Жастардың 71%-ы ЛГБТК+ қауымдастықтарының өкілдеріне теңдей қарым-қатынас жасау керек деп ойласа, аға толқынның тек 57%-ы бұл пікірмен келіседі.
Төрт жастың үшеуі интернетті күн сайын қолданады, бірақ олардың 17%-ы ғана әлеуметтік желілерге толықтай сенеді. Көбі интернеттегі зорлық-зомбылық, ашық эротикалық және буллинг көріністері балаларға қауіпті деп санайды. Жастардың үштен бірі бойында қорқыныш барын айтса, әрбір бесінші жас депрессияға жиі түсетінін бөліскен.
Климаттың өзгеруі жайлы жастардың хабардарлығы олар тұрған елге байланысты. Орта және төмен табысты елдерде тұратын жастардың 23%-ы ғана климаттың өзгеруі жайлы естіген және оған дұрыс анықтама бере алған. Ал табысы жоғары мемлекеттерде тұратын балалардың жартысынан астамы бұл проблеманы білетіп болып шыққан.