00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

ӘМСҚ: Биыл КТ/МРТ арқылы көрсетілген қызметтер көлемі төрт есеге артты

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
ӘМСҚ: Биыл КТ/МРТ арқылы көрсетілген қызметтер көлемі төрт есеге артты
ашық дереккөз

Қызмет жеткізушілер көбейсе, қолжетімділік артады 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенге дейін КТ және МРТ қызметтерін ұсыну тұрақты түрде қаржыландырылмайтын. Өз аймағының ауруханасында немесе емханасында кезекте тұрған азаматтар КТ немесе МРТ-дан өту мүмкіндігін кейде бірнеше ай бойы күтетін. 

2020 жылы КТ бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет жеткізушілері 135 медициналық ұйым болса, биыл 190 медициналық ұйым бар. Өткен жылы МРТ қызметін жеткізушілер саны 95 болса, биыл 121 медициналық ұйым осы диагностика бойынша қызмет көрсетеді. Бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасады, өйткені Қор оларды нарыққа жақындату және жеке қызмет жеткізушілерді тарту мақсатында төлем тарифтерін көтеруді қолдайды. Қазір көптеген елді мекендерде КТ/МРТ жеке кабинеттері ашылуда, олардың кейбіреулері қызметтерге деген жоғары сұранысты ескере отырып, тәулік бойы жұмыс істейді.

Нұр-Сұлтанда МӘМС жүйесінде КТ қызметтері бойынша 17 медициналық ұйым және МРТ бойынша 11 медициналық ұйым жұмыс істейді.  

Айта кетейік, аймақтарда қажетті медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді, сондықтан аймақтардың медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу мониторингін және қызмет жеткізушілердің қатысуы бойынша қажетті жұмыстарды жергілікті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары жүргізеді. 

Қаржыландыру артқан сайын сұраныс та өседі

Биыл КТ және МРТ қызметтерін көрсету бойынша жасалған шарттардың сомасы 2 есеге жуық өсті. Егер 2020 жылы бүкіл ел бойынша шарттардың сомасы шамамен 706 млн теңгені құраса, 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 1,4 млрд теңгеге дерлік шарттар жасалды. 

Осы жылдың 10 айының қорытындысына сүйенсек, КТ және МРТ-ға тиесілі, яғни емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша жоспарлы түрде, медициналық сақтандыру бойынша 46,9 мыңға жуық қызмет көрсетілді. 

Жалпы, ел бойынша көрсетілген қызметтер сомасы 2021 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында шамамен 907 млн теңгені құрады. 

Салыстырмалы түрде, өткен жылдың осы кезеңінде КТ/МРТ бойынша жалпы құны 207,5 млн теңге болатын барлығы 11,4 мың қызмет көрсетілді. Осылайша, көрсетілген қызметтер көлемі 4 еседен астам өсті. 

МӘМС арқылы томографиядан қалай тегін өтуге болады?

Науқасқа кез келген диагностикалық процедураны емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерделейді. Тиісті көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер КТ немесе МРТ түсуге жолдама береді. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін МӘМС жүйесінде пациенттің «сақтандырылған» мәртебесі болуы тиіс. 

Егер КТ/МРТ қызметтерін алуға қатысты сұрақтарыңыз болса немесе сіз осы қызметтерге қол жеткізе алмасаңыз, онда өз емханаңыздағы Пациентті қолдау қызметіне хабарласуыңызға болады. Сондай-ақ, өз аймағыңызда томографиядан өту мүмкіндігі болмай, ұзақ күткен жағдайда, сіз өз аймағыңыздың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан жағдайды нақтылай аласыз. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы тәсілмен: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Telegram-дағы 24/7 Qoldau және SaqtandyryBot мобильді қосымшасы арқылы өтініш-шағым қалдыра аласыз.