«Жолдағыға жанашыр бол» қайырымдылық акциясы басталды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Жолдағыға жанашыр бол» қайырымдылық акциясы басталды
ашық дереккөз

Желтоқсанның 16-сына дейін созылатын «Жолдағыға жанашыр бол» акциясына қатысуға ниет білдірген көлік жүргізушілер Нұр-Сұлтан қаласының Орталық саябағының автотұрағында жиналып «Ауыл» партиясынан қажетті нұсқаулықтар алды. Шымкенттегі салтанатты жиынға партияның қайырымдылық айлығына қосылған жергілікті «Сити» таксопаркінің қызметкерлері қатысты.

«Жолдағыға жанашыр бол» шарасы - партия қызметкерлері, мүшелері мен еріктілер қатарындағы көлігі бар азаматтардың өз еркімен көтерген бастамасы.

«Ауыл» партиясының хатшысы Анас Баққожаевтың айтуынша, бір ай бойы шараға қатысатын азаматтар республикалық маңызы бар үш қалада аялдама мен көше бойында тұрған қарттар, мүгедектер мен балалы аналарды тегін жеткізіп салады. Акцияның басты мән-мазмұны – мұндай қайырымдылық шара кез келген адамның қолынан келетінін насихаттау. «Ауыл» партиясы «Жолаушыға жанашыр бол» акциясына қатысуға ерік білдіргендер үшін, сондай-ақ басқа қалалар, облыс пен аудан орталықтарында осы іспеттес шара ұйымдастыруға ниетті азаматтарға партияның орталық аппараты жанынан байланыс орталығын құрды.

Анас Ахатұлының мәлімдеуінше, күн суытып, қар қалың жауған шақта қоғамдық көлік жүрісі де ақылы такси қызметінің жұмысы да баяулайды, соның салдарынан аялдама мен жол бойында тұрғандардың саны көбейеді.

“Осындай сәтте қарттар, мүгедектер мен балалы аналар баратын жеріне жете алмай қиналады. Әр көлік жүргізушісі кеңдік танытып, жолдағыларға жанашыр болса, мұндай қиындықтың саны азаяр еді”, - дейді партия хатшысы.

«Ауыл» партиясы жастар қанатының жетекшісі Айдар Саттаров партия қызметкерлері мен мүшелері бір күнде қала ішінде жұмыс барысымен орта есеппен 5-6 рет қозғалатынын айтты. Демек, бір тәулікте кем дегенде 3-4 адамды баратын жеріне дейін жеткізіп салып, игі іс жасауына шамасы бар. Мұндай мүмкіндікті насихаттауымыз керек деп түйіндеді.    

Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларындағы алаңдарға жиналған 60-қа жуық көлік жүргізушілеріне партия тарапынан жол ережесі, техникалық қауіпсіздік шаралары мен пандемияға байланысты талаптарды сақтау бойынша нұсқаулықтар берілді. Сонымен қатар, «Жолдағыға жанашыр бол» акциясына қатысқан жүргізушілерге әлеуметтік желіде белсенділік танытқан жолаушыларға сыйлық ретінде беру үшін партияның «Алтын тұғыр» кітаптары табысталды.

«Жолдағыға жанашыр бол» акциясы қатысушыларын көлігіндегі «30 игі іс» деген белгісі арқылы табуға болады.