«Қызымды психикалық орталық қызметкерлері зорлады»: Шымкенттегі жантүршігерлік жайт


Біраз уақыт бұрын Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері науқастарды зорлады деген ақпарат тарады. Бұл жайт күллі Қазақстанды дүр сілкінтті. Бұл туралы Elordainfo.kz Massaget masele YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысының тұрғыны алты айдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін айтады. Бес баланың анасы 2021 жылы перзенттерінің біріне шизофрения диагнозы қойылғанын жеткізді. Сол уақыттан бері қызын Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты психикалық емдеу орталығына жатқызуға мәжбүр болыпты. Көпбалалы ана «17 жастағы қызымды емдеу орталығына жіберсем, аяғы ауыр болып келді» деп жылап отыр.
«Мұны теледидар бөлмесіне апарады екен. Бір медбрат бар, үшеуі жатқызып, аяқ-қолын төсекке байлап, санитарлар тиіседі екен. Қызым бәрін біліп жатады екен. Кейін шатырды жинаймыз деп алдап шақырып, сол жерде қараңғыда істеген. Одан алдын олар басқа қыздарға да тиіскенге ұқсайды. Себебі қыздар бір-біріне куә болған. Олар бәрін біледі. Кім орнында жоқ, сол қыз сол бөлмеде болады екен. Егер айтсаңдар, сендерді де байлаймыз деп қорқытады екен», - дейді қыздың анасы.
Шырылдаған ана арыз бергелі Шымкент полициясының ісі сылбыр екеніне наразы. Оның сөзінше, тергеуші жүктілікті растайтын қағазды көре тұра емдеу орталығынан тыс жерде де бала көтеруі мүмкін деп күмән тудырыпты.
«Біздің қазіргі тергеушіміз «сен мұны қайдан білесің, мүмкін төмендегі ерлер бөлімінен басқа науқас келіп жасап кеткен шығар» деді. «Жиырма күннен кейін шығатын нәтижені айтып қойдың ғой» дедім. Ақыр аяғында психикалық емдеу орталығына шаң жуытпай отыр», - дейді ол.
Етегі жасқа толған әйел бойында бала барын білгендіктен, қызының жүйкесі одан әрі тозып кеткенін айтады. Қолына түскенді сындырып, ешкіммен сөйлеспей, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барыпты.
«Ең сорақысы – ауруға ауру қосып берген жандар бөтен емес, сол жердің қызметкерлері», - дейді арызданушы.
«Ем алуға апарып жүргенмін, біткесін шығарып алып жүрдім. Диагнозы бар, шизофрения. Бұл бір күні құса бастады. Бірінші осы ауылдың УДЗ-cынан білдік. Екінші УДЗ-да қалаға бардым, сол екінші УДЗ-да да бірнәрсе көрсетіп тұрды. Не істерімді білмедім. Қорықтым. 10 апта 4 күн деп тұрды», - дейді ол.
Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығында қорландым дегендер қатары мұнымен бітпейді. Құрбанмын деген тағы бір қыздың анасы полицияға арызданғанын айтты.
«Ұят болса да айтайын. Мүшесін шығарған, «ағай, не істеп тұрсыз?» десе де, істейтінін істеген ғой. Ол жер - құдды түрме, қыздарға «сен бұл жерден қайтып шығамын деп ойлама, сен бұл жерге қайта кіресің» деп ескертеді екен. Одан соң қыздар айтуға да қорқады екен. Ауруханадан жіберген, алдында қызым күйзеліске шалдығып, жатып шыққан еді. Сонымен 15-20 күнге деп жіберіп еді. «Ана, саған шұғыл түрде бір зат айтуым керек» деп зорға айтты», - дейді жәбірленушінің анасы.
22 жастағы екінші жәбірленуші де дәл осы психикалық орталықтағы санитарлар зорлады деп арыз берген. Оның айтуынша, емханаға жүйкесі сыр беріп, ем алуға келген.
«Өкінішке қарай, жиырма күн ішінде көрген азабым аз емес», - дейді ол.
«Тегін ләззат алу сияқты ғой. Ақшаларын сыртқа шығындамай, ауруларға тиісіп, одан сайын ауру қылады. «Бірінші массаж жасап берші» дейді. Бір уақытта санымнан сипалай бастайды. Итеріп тастасам да, қайтадан сипалай бастады. Маған жиырма күннің ішінде бірнеше рет тиісті. Оны үйдегілерге айта алмаймын. Ісі біткен соң майлық қағаздары дайын тұрады. Ертесі түк болмағандай жұмыста жүре береді. Өз арасында біледі. Оны әйелдері де біледі деп айта аламын», - дейді жәбірленуші.
Бұл кейіпкер психикалық ауытқуы бойынша ешқандай есепте тұрмаған. Ол орталыққа дәрігердің кеңесімен, тек уақытша күйзелістен арылу үшін келген. Бірақ өкініштісі, ол бұл жерден ем алып шығудың орнына керісінше ауыр психикалық соққы алып шыққанын айтады.
Басы дауға қалған емдеу мекемесінің басшылығы «бәрін тергеу шешеді» деп қысқа қайырды. Алайда науқастарды зорлады деп айыпталған екі санитар дәл осы мекемеде жұмыс істегенін растап отыр.
«Бұл жерде 700-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. 740 орынға арналған. Қазір 645 науқас бар. Бұл мәселеге байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр, оның қорытындысы шықпай ештеңе айта алмаймыз. Ол санитарлар бізде жұмыс істеген. Ішкі тексерістер жүргізілді. Тергеу болмаса, кінәлілер өздері мойындамай тұрса, біз қандай амал жасаймыз?!» - дейді Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығы басшысының орынбасары Қабілет Әбенов.
Шымкент полициясы да тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қанша адам, қандай арыз бойынша екенін нақтылай алмады.
«Зорлау туралы арыз бойынша қылмыстық іс қозғалған. Екі күдікті қамауға алынды, сот сараптамалары тағайындалуына байланысты тергеу мерзімі ұзарды. Қазір тараптар іс материалдарымен танысу барысында, іс сотқа жолдану кезеңінде», - деді Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының бөлім бастығы, полиция полковнигі Ержан Ақмолда.
Резонансты істің бет алысын аңғармақ болып, арнайы заң сарапшыларына жүгінді. Олар тергеу қалыпты деңгейден кеш өтіп жатқанын ашық айтты. Оның үстіне ереже бұзылғанын да жасырмады.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3.1 бөлігімен іс қозғалған. Алайда жәбірленушінің сөзіне сенсек, тергеуші тарапынан арнайы сараптама уақытылы алынбаған. Тергеу созбалаңға салынған. Сәйкесінше кейбір материалдар жоғалып отыр. Бұл жерде іс біржақты қаралып жатқаны байқалды. Бұл бап бойынша 9-12 жылға дейін немесе 15 жылдан 17 жылға дейін немесе өмір бойына дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді заңгер Нұртуған Өмірзақ.



