Біздегі білім беру нысандарының күзеті өте әлсіз – сенатор


«Бізді (сенаторларды) білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қатты алаңдатады. Жуырда Қазан мен Пермьдегі оқушылардың қайтыс болуына байланысты қайғылы оқиға білім беру мекемелерін қорғауға аса жоғары көңіл бөлу керектігін көрсетті. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда бізде де кемшіліктер жетерлік. ҚР «Күзет қызметі туралы» Заңының 5-бабына сәйкес күзет қызметін тек тиісті лицензиялары бар заңды тұлғалар ғана көрсете алады. Білім беру мекемелерін күзету үшін мұндай компаниялар конкурстық негізде таңдалады. Әрине бұл конкурстарда ең төменгі баға ұсыныстарын бергендер жеңіске жетеді», - дейді сенатор.
Осылайша, ең төменгі бағаны қойып жеңген күзет компаниясы барынша пайда алу мақсатында қарамағындағы күзет қызметкерлерінің жалақысы мен олардың шығындарынан үнем жасайды екен. Мәселен Нұр-Сұлтан қаласының мектептері мен университеттерінде жұмыс істейтін күзетшілердің ай сайынғы жалақысы негізінен 70-100 мың теңгеден аспайтын болып шықты.
«Тәртіп сақшыларының мұндай жалақысымен білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады? Университеттердің ректорлары, мектептер мен колледждердің директорлары «жалақының төмен болуына байланысты қауіпсіздік қызметінде негізінен зейнеткерлер және зейнет жасы алдындағы адамдар жұмыс істейді» деп шағымдануда. Олар тіпті біліктілік талаптарына сәйкес рациялармен, құқық бұзушыларды ұстау үшін арнайы құралдармен де қамтамасыз етілмеген», - деп отыр Ақылбек Күрішбаев.
Оның айтуынша, бірқатар жоғары оқу орындарында күзет қызметі университеттердің штаттық қызметкерлеріне (вахтерларға, бақылаушыларға) жүктелген. Бірақ лицензияларының болмауы себепті, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес күзет қызметін атқара алмайды.
«Студенттердің бастамашыл тобы Нұр-Сұлтан қаласындағы университеттерді аралап, олардың күзет қызметінің сапасын тексеру бойынша эксперимент жүргізді. Бөтен, яғни ол жоғары оқу орындарында оқымайтын адамдар осы тексерілген 12 университеттің 10-на кедергісіз кіріп-шыққан. Олардан тіпті ешкім рұқсат құжаттарын да сұрамаған. Бұл – елордалық жоғары оқу орындарындағы жағдай. Ал өңірлерде не болып жатыр?» - деп күйінді депутат.
Бұл ретте «мекемелерді қорғау жөніндегі заңнаманың талаптарын күшейттік», «оқу орындарындағы қауіпсіздік қызметін ретке келтірдік» деген есеп берулер шындықтан алшақ жатқан көрінеді. Сондықтан Ақылбек Күрішбаев білім беру нысандарындағы қауіпсіздік жүйесі проблемаларына бұдан әрі көз жұма қарауға болмайды деп отыр. Өйткені таразы басында жас ұрпақтың өмірі мен денсаулығы тұр.



