Шавкат Исмаилов: «Егеменді еліміздің 30 танымал тұлғалары» жобасы іске қосылды
Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Ассамблеяның әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау тәсілдерін дамыту мәселесіне көңіл бөлді. Оның айтуынша, Достық үйлерін мәжіліс пен салтанатты жиындарды өткізу залдары емес, ҚХА-ның халық бастамаларының ресурстық орталықтары мен жобалық кеңселеріне айналдырған жөн.
Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласындағы қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов бірқатар жобаларды іске асырып жатқанын айтты.
«Жасөспірімдердің қалыптасуына әлеуметтік желілердің әсері жайлы Президентіміз өте орынды айтып өтті. Бұл мәселемен біз егжей-тегжейлі айналысып жатырмыз. Атап айтқанда, қазір "Егеменді еліміздің 30 танымал тұлғалары" жобасын іске қостық. Бұл жобада елорданың белгілі тұлғаларының есімімен аталған 30 көшесін таңдап алып, сол тұлғалар мен көшелер жайлы жастармен әңгіме қозғаймыз», - деді Ш.Исмаилов.