Мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартқаны үшін 200-ден астам іс қозғалған
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Елімізде мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін тиісті заң бар. Бірақ заңға бағынбай, оларды артық жұмысқа жегу тоқтар емес. Министр бірнеше күн бұрын мұғалімдерге көше сыпыртқандар туралы жазды. Енді мұғалімдер тікелей өз міндетімен ғана қашан айналысады? Неліктен білім басқармалары тиісті тапсырманы орындамай отыр?» – деген сұрақ қойылды.
Өз жауабында вице-министр «Педагог мәртебесі туралы» заңның 2019 жылы қабылданғанын еске салды.
«Бұл бағытта Білім және ғылым министрлігі жұмыс атқарып келе жатыр. Жергілікті жерлерде білім мен ғылым сапасын қамтамасыз ету департаменттері жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін мұғалімдерді әдеттен тыс жұмысқа тарту фактілері бойынша 200-ден астам әкімшілік іс қозғалып, заңбұзушылыққа жол бергендер тиісті жауапқа тартылды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады», - деді Ш. Қаринова.