Мүгедектігі бар қазақстандықтардың көбі қай өңірде тұрады
Мүгедектігі бар адамдардың көбі Түркістан (94,1 мың адам), Алматы (68,8 мың адам) және Қарағанды (67,8 мың адам) облыстарында тұрады. Ал ерекше қажеттілігі бар балалардың көбі Түркістан, Алматы облыстары мен Алматы қаласында.
Былтыр мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын адамдардың саны 0,6%-ға азайып, 525,4 мың адамды құраған. Естеріңізге салсақ, 2019 жылы Қазақстанда 528,3 мың адам осындай жәрдемақы алған.
Ерекше қажеттілікті талап ететін адамдар саны мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын адамдардың санынан 32,3%-ға көп.
Осы жылдың басында арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда мүгедектігі бойынша 23,5 мың адам тұрған, бұл бір жыл бұрынғы көрсетіштен 2,3%-ға аз. Оның ішінде 9,7 мың адам – әйел. 11,5 мың адам заңды түрде әрекетке қабілетсіз деп танылса, 1,5 мың адам төсек тартып жатыр.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында тұратындардың ішінде 5,7 мың адам — 17 жасқа дейінгі балалар, 2,7 мың адам — 18-29 жастағы жастар, 10,2 мың адам — 30-58 жастағы азаматтар және 5 мың адам – 59 жастан асқандар.