00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Сыныптасы ұрған түркістандық оқушы көз жұмды

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Сыныптасы ұрған түркістандық оқушы көз жұмды
ашық дереккөз

Әлімжеттіктен көз жұмды деген 5-сынып оқушысы №18 мектеп-гимназияда білім алған. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған кінәлі деген баланың ата-анасы мен туыстары да тартылған. Қара жамылған отбасының мүшелері білім ошағына барып, кінәлілерді анықтап, жазалауды талап етті. Сыныптасы ұрып-соқты деген 10 жасар Рамазанның қалай ауырып, қиналғанын нағашы әжесі айтып берді.

Гүлнәр Маханова, марқұмның әжесі:

– Мені дәретханада ұрды деді де, балам демала алмай қалды. Тыныс жетпей жатыр. Аузынан көбік ағып жатыр баламның. Қызыма звондадым, жедел жәрдем шақыр, мына бала болмай жатыр дедім. Жедел жәрдем келді, баланы көрді де тыныштандыратын укол салды. Бірақ оған бала тынышталмады. Ыстығы 40-тан асып кетіпті. Апа бұл болмайды, біз ауруханаға алып кетеміз деп, ауруханаға алып келді. Балам сонда үзілді.

Рамазанның денесін туыстары жер қойнына тапсырды. Енді оның әжесіне немересінің соңғы киген жейдесін иіскеп, жылағаннан басқа қайран жоқ. Өткен жұма күні мектепке сап-сау кеткен бала кешкісін үйіне мазасы болмай оралған. Денесін ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүрген. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке барған бала үйге келісімен тағы да құлады. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты. Оны дәрігерлер де растап отыр.

Жанат Букебаева, қалалық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Ол соққыға жығылған соң, шамалы психомоторлы қозуы болған. Шошып оянып, психикалық ақау белгілері болған. Бас мидың жабық травмасы, бас мидың соғылуы, ісінуі, ми стволының қысылуы, сөйтіп аспирациялық синдром деп бізде диагноз қойылып, сот медициналық сараптамаға өткізілді.

Ал мектеп басшылығы білім ошағында әлімжеттік жоқ. Істің анық-қанығын тергеу анықтайды деді.

Уәлихан Бейсенбаев, №18 мектеп-гимназиясының директоры:

– Мектепте әлімжеттік деген мәселе болған емес. Бізде сол бойынша мектептегі тәрбие бөлімі жұмыс істейді. Бұған дейін ондай нәрсе болған емес. Ешқандай ата-анадан шағым түскен жоқ. Алайда 5-сынып оқушысын әжетханада ұрды деп айыпталған баланың туыстарының айтуынша, Рамазанды басқа да балалар ұрып-соққан.                 

Ата-ана:

– Оны басқа балалар да ұрыпты ғой, бір бала ғана емес. Үнемі басқа балалар ұрады екен. Ол бала жуас бала екен. Тек бір адам емес, Нұрмұхаммед деген бала ұрады екен. Тағы да бір балалар бар. Енді соттың сараптамасы шығады. Сол кезде анықталады бәрі.

Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Көптің көкейіндегі күдік соттың сараптамасынан кейін сейіледі.

Салтанат Қаракөзова облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:                                                                                           

– Қазіргі таңда Түркістан қалалық АБ қызметкерлері тарапынан тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптаманың қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады. Ал жәбірленуші тарап мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған білім мекемесі басшылығынан бастап, барлығы тексерсін деп талап қойып отыр.