Биыл елордада проблемалы нысан саналған 57 үйдің құрылысы аяқталады – Алтай Көлгінов
Қала басшысының айтуынша, елордада соңғы жылдары құрылыс қарқыны көбеймесе, бәсеңдеген жоқ.
“2019 жылы 1 млн 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 млн шаршы метрге дейін өсті. Ал биыл жыл соңына дейін 3 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған”, – деді А. Көлгінов.
Әкім қолжетімді баспана мәселесінің де қалтарыста қалмағанын атап өтті.
“Әлеуметтік осал топтарға жататын, кезекте тұрған адамдарға 2018 жылы 1100 пәтер берілсе, 2019 жылы 2900 пәтер берілді. Былтыр пәтер саны 7 мыңға жетті. Ал биыл әлеуметтік осал топтарға 10 мың пәтер кілті табысталатын болады”, – деді ол.
Тұрғын үй тақырыбын талқылау барысында шаһар басшысы сақалды құрылыс дауына да тоқталды.
“Осыдан екі жыл бұрын елордада құрылысы ұзаққа созылған 150 көпқабатты тұрғын үй бар-тұғын. Оған 15 мыңдай отбасы үлескер болған. 2019 жылы 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 2500-ге жуық отбасыға өз пәтеріне кірді. Былтыр 20 көпқабатты тұрғын үйдің шаруасы шешіліп, 2700-дей отбасы өз пәтеріне кірді. Биыл жыл соңына дейін 57 тұрғын үйдің құрылысын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмын, оның жартысы бітті. Сөйтіп 7 мың отбасы көптен күткен пәтерін алады”, – деді елорда әкімі.
А. Көлгіновтің сөзінше, елорда әкімдігінде сенімсіз құрылыс компанияларының қара тізімі бар, ол тізім уақыт сайын жаңартылып отырады.