Студенттер жатақханасының 70 пайызына күрделі жөндеу керек
Оның айтуынша, нақты нәтижеден гөрі қағаз жүзінде жазылған жоспарлар көп. Жатақханалардың 70 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді, ал біразы тіпті өмір сүруге жарамсыз.
«Тәуелсіздік алған сәттен бастап, осы 30 жылдың ішінде еліміз бойынша жаңадан бой көтерген жатақханалар саны тек қана 137-ні құрап отыр. Қателеспесем, Қаржы орталығы берген ақпартқа сәйкес, 2008-2018 жылдар аралығында салынған жатақхананың саны 10-нан аспайды. Соңғы жылдары өзгеріс бар, салынып жатыр, бірақ кемшіліктер де жоқ емес», - деді депутат.
Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, өткен жылы 20 мың орындық 75 жатақхана пайдалануға берілген. Ал биыл тек 7600 орын ғана берілмек. Оған құрылыс материалдары бағасының күрт өсуі мен карантиндік шектеулер себеп болып отыр.
«Биыл 2500 орындық 12 студенттік үй салынды. Инвесторларды қарқынды тарту үшін біз көп қалаларда реконструкциялау үшін мемлекеттік төлемді 47 айлық есептік көрсеткіштен 92 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Сондай-ақ жаңа ғимараттардың құрылысына мемлекеттік тапсырыс төлемдерінің көлемін 25 пайызға арттыру керек», - дейді Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова.