Жалғызбасты қазақстандықтар тәттіні басқалардан көбірек жейді


Кондитерлік өнім мен қантты ең көп тұтынатындар қарағандылықтар болып шықты: аталмыш облыс тұрғындары екінші тоқсанда 13,1 келі тәтті жеген, бұл былтырмен салыстырғанда 0,8%-ға артық.
Тәттіқұмарлар тұратын өңірлердің үздік үштігінде Қызылорда (12,9 келі тәтті, былтырға қарағанда 5,4%-ға көп) және Ақмола (12,9 келі тәтті, бірақ былтырға қарағанда 4%-ға аз) облыстары да бар.
Ал тәттіні ең аз тұтынатындар Шымкент тұрғындары екен: мұнда әр адам бір тоқсан ішінде 7,2 келі тәтті тұтынған.
Тәтті тұтыну көрсеткішінің айтарлықтай деңгейде өсуі Қостанай облысында байқалған: бұл өңір тұрғындары екінші тоқсан ішінде былтырға қарағанда 16,6%-ға артығырақ (11,7 келі) тәтті жеген.
Өнімдердің өзіне келер болсақ, биыл екінші тоқсанда халықтың құмшекерді тұтыну көрсеткіші 9,7%-ға төмендеп, адам басына шаққанда 4 келіні құрады.
Мұнымен қоса тосап, джем және повидло (10,5%; 578 г), бал (10,1%; 241 г), шоколад (5,9%; 225 г) және балмұздақ (0,2%; 596 г) тұтыну көрсеткіштері де азайды.
Ал рафинадталған қант (27,3%; 154 г) пен глазурьленген шоколад кәмпиттерді (1,9%; 873 г) тұтыну көлемі, керісінше, өсті.
Жалғызбасты тұратын адамдар екінші тоқсанда 19,3 келі қант, кондитерлік өнім және бал тұтынған; екі адамнан тұратын үйлерде әр адам – 14,9 кг, үш адамнан тұратын үйлерде – 11,9 кг, төрт адамнан тұратын үйлерде – 10,3 кг, бес және одан көп адам тұратын үйлерде 8,8 кг тәтті тұтынған.
Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы әрбір қазақстандық орташа есеппен айына 3,6 кг тәтті өнім тұтынған.



