Қазақстанда өлім көрсеткіші өсіп барады


Қайтыс болған ерлер саны – 41 мың (бір жылда 16,5%-ға артқан) болса, әйелдер саны – 36,5 мың (бір жылда 19,4%-ға артқан).Просмотреть
Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылғы қаңтар мен маусым аралығында елімізде 65 мың адам қайтыс болған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,5%-ға аз еді; алайда 2020 жыл соңында-ақ қайтыс болғандар саны 2019 жылға қарағанда бірден 21,8%-ға көбейіп, 162,6 мың адамды құрады.
Өңірлерге шақсақ, ең көп өлім фактісі Алматы облысында тіркелген: мұнда 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта 8,1 мың адам қайтыс болған, бұл 2020 жылғы бірінші жартыжылдыққа қарағанда 20,2%-ға көп.
Қайғылы статистика бойынша Шығыс Қазақстан облысы (8,1 адам қайтыс болған, көрсеткіш бір жылда 18,3%-ға өскен) мен Алматы қаласы (7,7 мың адам қайтыс болған, көрсеткіш бір жылда 33,4%-ға өскен) да алдыңғы қатарда.
Еліміздегі 17 өңірдің ешқайсысында биыл өлім көрсеткіші төмендемеген. Оның ең жоғары өсімі Алматыда, ал ең төмен өсімі Қызылорда облысында (1,6%) тіркелген.
Өлімге әкеп соқтыратын фактор болып, ең әуелі, қан айналымы жүйесінің аурулары саналады: қайтыс болғандардың 24,2%-ына немесе 18,6 мыңына осы себеп әсер еткен, бұл былтырға қарағанда 18,6%-ға көп. Соның ішінде жүректің ишемиялық ауруынан 6,6 мың адам, ми тамырларының зақымдануынан 6,2 мың адам, гипертония ауруынан 529 адам қайтыс болған.
Өлімнің ең жиі таралған себептерінің қатарына тыныс алу органдарының аурулары (жарты жылда – 7,9 мың адам, былтырға қарағанда 8,5%-ға көп) да жатады. Оның ішінде тұмау, жедел респираторлы аурулар және пневмониядан 2,3 мың адам қайтыс болған.
Өлімге соқтырар тағы бір танымал себеп – ісік аурулары болып отыр (7,2 мың адам қайтыс болған).
Тағы бір айта кетерлігі, 2021 жылғы қаңтар мен маусым аралығында 1 жасқа толмаған сәбилер арасындағы өлім көрсеткіші 12%-ға артқан. Жарты жылда 937 ұл бала мен 751 қыз бала қайтыс болған.
Сәбилер арасындағы өлімнің басты бір себебі перинаталдық кезеңде туатын жағдайлар (932 сәби) болып отыр: 335 бала туабітті аномалиядан, 72 бала жұқпалы және паразиттік аурулардан қайтыс болған.



