Бейжіңде Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюст ашылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашылу рәсіміне ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және Мемлекет басшысына сабақ берген университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, мүсін авторы У Вэйшань қатысты.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды.
Баршаңызға мәлім, Әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы, оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Әл-Фараби Қазақстан аумағында туып-өсті, білім іздеп көптеген елге барды. Математика, жаратылыстану, астрономия, филология және басқа да бірқатар ілімді дамытуға зор еңбек сіңірді. Адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол философиялық туындыларында әділдік идеясына ерекше назар аударды. Қайырымды қоғам және үйлесімді мемлекет құру мәселесіне баса мән берді. Адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеді. Ғалым музыка және каллиграфия өнерін зерделеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев энциклопедиялық деңгейдегі, яғни жан-жақты білімі бар Әл-Фарабиді замандастары Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп атағанына назар аударды.