Қазақстандық IT-жобалар халықаралық конкурста жеңімпаз атанды
Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі Ақпараттық қоғам мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі Дүниежүзілік кездесу форумына (WSIS) қатысты. Осы форум аясында WSIS халықаралық байқау өтті. Байқауда қазақстандық жобалар да қаралды, деп хабарлады Elorda.info.
Сыртқы істер министрдігінің мәліметінше, екі қазақстандық жоба «Қоғам игілігіне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланғаны үшін» және «Үздік бастама» марапаттарына ие болды.
Халықаралық электрбайланыс одағының бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин ханым және «WSIS 2023» төрағасы, Словенияның цифрлық трансформация министрі Эмилия Стойменова Дух ханым «Agroinsurance» агро сақтандыру сервисінің бас директоры Елдос Әуезбековке «Электрондық ауыл шаруашылығы» номинациясындағы жеңісі үшін марапатты табыс етті.
Қызмет 2019 жылы «Qoldau.kz» цифрлық платформасында басталып, оны іске асыру Қазақстанның барлық ауыл шаруашылығы жерлерін платформада цифрландырудың арқасында мүмкін болды. Осы қызметтің көмегімен фермерлер өз егістіктерін кабинеттен шықпай-ақ құрғақшылықтан сақтандыра алады.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі құрған «TechReg» аккредиттеу сервисі «Электрондық қоршаған орта» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Бұл сервис техникалық реттеу, мемлекеттік бақылау, стандарттау, аккредиттеу, сәйкестікті бағалау (сертификаттау) және өлшем бірлігін қамтамасыз ету (метрология) мәселелері бойынша бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған.