Президент мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ кешені ел экономикасының аса маңызды саласы екенін атап өтті.
«Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына мол үлес қосып келесіздер. Бұл нағыз еңбек адамдарына тән қасиет деп санаймын. Жалпы, еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар. Осы саланың қалыптасып, өркендеуіне бірнеше буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Сіздерді аға буынның лайықты ізбасары деуге болады. Қазір мұнай-газ саласында екі жүз мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанымыз өркендеп, көркеюде. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



