Үкіметте экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысы өтті


Премьер-министр Олжас Бектенов Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Онда инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар және елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлері қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы маусым айының қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде 11,8%-ды құрады, бұл әлемдік нарықтардың тұрақсыздығы, тарифтік реформалар, тұтынушылық сұраныстың күшеюі және инфляциялық жорамалдар сынды бірқатар сыртқы және ішкі факторға байланысты болды.
Бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Ұлттық Банктің белсенді қатысуымен инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі қысқа әрі ұзақмерзімді қамтитын шаралар кешені қалыптастырылды. Құжат қараудың соңғы сатысында тұр және Үкіметтің жеке қаулысымен қабылданады. Негізгі бағыттардың қатарына ішкі өндірісті ұлғайту, тарифтік саясаттың болжамдылығын арттыру, базалық тауарларға бағаны тұрақтандыру және инфляциялық күтулерді төмендету жатады. Сондай-ақ отандық өндірісті қолдау, ішкі нарықты қанықтыру және сауда үстемелерін бақылау жалғасуда.
Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, жыл басынан бері 15% шекті сауда үстемесін асырғаны үшін 1 847 әкімшілік қаулы шығарылған. Жауапкершілік күшейтілген – ескертулердің орнына айыппұлдар қарастырылған. Реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері осы бағыт бойынша инфляцияға жиынтық үлес 0,5 пайыздық тармақшаны құраған.
Жалпы, 2023 жылы шаралар кешенін жүзеге асыру инфляциялық қысымды 4,16 пайыздық тармақшаға, 2024 жылы 2,3 пайыздық тармақшаға төмендетуге мүмкіндік бергені атап өтілді. Қазіргі уақытта шаралар кешені өзектендіріліп, 2026 жылға дейін ұзартылды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қазақстан ӘМАТ бойынша бәсекелестік бағаны сақтап отыр: сиыр етінің құны ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне қарағанда 30%-ға, картоп пен сәбіз 38%-ға, пияз 47%-ға, қырыққабат 50%-ға төмен. Осы жылдың басынан бастап нарықтық бағадан төмен бағамен 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесі өткізілді. Салалық одақтармен меморандумдарға қол қойылды, соның нәтижесінде жұмыртқа бағасы 8,7%-ға төмендеді. Маусымнан тыс уақытта бағаны тұрақтандыру үшін 30,3 мың жеткізіп беру келісімшарттары жасалды. Қытайдан, Пәкістаннан және Өзбекстаннан бірнеше тонна ерте пісетін көкөністер жеткізілді. Өнімдерді, оның ішінде картопты, аналық малды және бұқашықтарды елден әкетуге шектеулер енгізілді.



