Үкімет 66 ауылды сумен қамтамасыз етуге 2,5 млрд теңге қаржы бөлді


Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жобаларын жүзеге асыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы магистралды су құбырын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоба 260 мыңнан астам тұрғыны бар 66 ауылды сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жобаның жалпы құны шамамен 6,5 млрд теңгені құрайды. Онда 34,3 шақырым желі құрылысы қарастырылған, оның 20,8 шақырымы бұрын бөлінген қаражат аясында төселген.
Қазіргі уақытта Қазақстанда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалалық жерлерде 99,4%-ды, ауылдық елді мекендерде 97,8%-ды құрайды. Түркістан облысы бойынша қала – 100%, ауылдар 98,1% ауызсумен қамтылған.
Қазіргі таңда Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру сияқты салалардағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту үшін қаражат бөлінді.



