Елімізде биыл жаз қатты ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр

15 сәуір, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде биыл жаз қатты ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр
Фото: freepik

«Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, Қазақстанда биылғы жаз қатты ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр. Бұл туралы бүгінгі үкімет отырысында айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың «Қазгидрометтің» болжамына сүйеніп айтуынша, елімізде биыл жаз қатты ыстық болады.

Осыған байланысты ведомство басшысы өңір әкімдерін ормандардағы өрт қауіпсіздігін сақтауға мұқият назар аударуға шақырды.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4402 га болатын 25 орман өрті тіркелген. Талдау көрсеткендей, орман өртінің шығуына дала өрті және найзағай негізгі себеп болса, ал таралуына қашықтық, жетудің қиындығы және жол қатынасының болмауы себеп.

«Облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіру жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауы қажет. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, биылғы жаз өте ыстық болады. Облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараны қабылдауы қажет», - деді Ерлан Нысанбаев.