Бектенов Жезқазғанның ауыз су тазарту нысандарын жаңғырту барысымен танысты

Бүгін, 14:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бектенов Жезқазғанның ауыз су тазарту нысандарын жаңғырту барысымен танысты
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Президенттің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жезқазған ЖЭО алаңында Премьер-министр алдағы 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымын ескере отырып, стансаны жөндеу жөніндегі жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Президенттің жылу көздерін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Жезқазған ЖЭО 2024 жылы «қызыл аймақтан» шығарылған болатын. Онда 2023-2024 жылдары қазандық пен турбиналық цехтарды күрделі жөндеу нәтижесінде жабдықтардың тозуы төмендетілді.

Белгіленген қуаты 252 МВт және жылу қуаты 564 Гкал/сағат болатын электр стансасы қазіргі уақытта 175 МВт электр энергиясы мен 363 Гкал/сағат жылу беріп тұр. Өнеркәсіп кәсіпорындары да, тұрғындар да электрмен және жылумен қамтылған.

«Қазақмыс Энерджис» ЖШС бас директоры Темірлан Өтегенов техникалық тозуды азайту үшін негізгі жабдықтарға, оның ішінде екі қазандық пен екі турбинаға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта №7 қазандық пен №7 турбинада жұмыстар жалғасуда. Жөндеу жұмыстары, соның ішінде, тарифтердің кезең-кезеңімен өсуінің арқасында да жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында біз Жезқазған ЖЭО-да ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүзеге асырып жатырмыз. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жа жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда тарифтер өзін-өзі ақтап отыр, стансамыздағы бірде-бір учаскеде шығынға батыратын тарифтер жоқ, биыл қызметкерлердің жалақысы 10-15%-ға өсті. Біз Жезқазған учаскесінде кадр тұрақсыздығын азайту мақсатында жас отбасылар үшін тұрғын үй салмақпыз. 2026 жылы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», - деді Темірлан Өтегенов.

Премьер-министр тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Электр тұтыну қажеттілігін жабу және энергия жүйесінің маневрлігін арттыру үшін ЖЭО аумағында қуаты 75 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы басталды. Жоба аясында 80 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов Жезқазғанның шаруашылық және ауыз су тазарту нысандарын жаңғырту барысымен танысты. Қала әкімі Қайрат Шайжанов қазіргі уақытта өнімділігі тәулігіне 66 мың текше метр болатын кері осмосты мембраналық технологияны енгізу көзделген екінші кезең аяқталып жатқанын баяндады. Жобаның жалпы дайындығы 47%-ды құрайды, құрылыс 2026 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Оны жүзеге асыру Жезқазғанды тұрақты және сапалы сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тазарту нысандарының тозуын 90%-дан 37%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы өңірді сумен жабдықтау жерүсті және жерасты су көздері – Кеңгір су қоймасы мен Үйтас-Айдос кен орны есебінен жүзеге асырылатыны атап өтілді. Тазарту нысанының өндірістік қуаты тәулігіне 124 мың текше метрді құрайды.

Сондай-ақ Премьер-министрдің назарына сорғы станцияларын, Есқұла су құбыры мен су тарту құрылыстарын реконструкциялауды қоса алғанда, барлық сумен жабдықтаудың жүйесін жаңғыртуға бағытталған ілеспе жобалар ұсынылды.

Әкімдіктің ақпараты бойынша, шаруашылық және ауыз су нысандарын жаңғырту жобасы кестеден 125 күн кешіккен және жұмысшылар санының жетпеуіне байланысты жөндеу қарқыны төмен екенін атап өтілді. Мәселен, бұған дейін жария етілген 300-ден астам адамның орынына 30-ға жуық адам жұмыс істеуде. Премьер-министр шұғыл түрде мердігерге қатысты шара қабылдауды және жобаны көрсетілген сапалық көрсеткіштеріне сай етіп мерзімінде аяқтауды тапсырды.

«Сенімді жылу және электрмен жабдықтау, сапалы ауыз су – Президенттің тіршілікті қамтамасыз ету және өңірлерді орнықты дамыту мәселелерін шешуде қойған негізгі міндеттері. Барлық инфрақұрылымдық жобалар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Бұл үшін жауапкершілік әр кезеңде тиісті қадағалауды қамтамасыз етуге міндетті әкімдіктерге де, салалық мемлекеттік органдарға да жүктеледі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жұмыс сапарының қорытындысында Премьер-министр барлық инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы аяқтау, сондай-ақ реконструкциялаудың жаңа кезеңдерін қаржыландыру мәселесін пысықтау жөнінде бірқатар тапсырма берді.