Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4%-ға өсті - Үкімет


Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрағанын баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Азық-түлік өндірісі 10,5%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары іске қосылды, 677 инвестициялық жоба, оның ішінде импортқа тәуелді тауарлар бойынша 289 жоба жүзеге асырылуда.
Бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның өсуі байқалып отыр. Олар – күнбағыс майы, сиыр еті, қой еті мен картоп. Күнбағыс майы бойынша нақты шаралар қабылдануда: 2024 жылы оның өндірісі 15%-ға ұлғайды, бұл ішкі қажеттіліктен екі есе көп. Биылғы 6 айда өндіріс көлемі 388 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 21,3%-ға артық. Қаңтар-наурыз айларында 294 мың тонна май экспортталды, осылайша өткен жылмен салыстырғанда ол 41%-ға өсті. Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаттылығы 421 мың тонна болатын 5 ірі қайта өңдеу зауытының құрылысы жүруде.
Жиын соңында Премьер-министр Олжас Бектенов инфляцияға қарсы саясат жүйелі әрі тиімді болуы тиіс екенін атап өтті. Қабылданған шаралар бойынша Үкімет пен Ұлттық банк келісе отырып іс-қимыл жасау керектігінің маңыздылығына баса назар аударылды.
«Инфляцияны төмендету міндеті өте маңызды және кешенді көзқарасты қажет етеді. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп қабылданған шараларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек және мақсатты бағдарларға қол жеткізуге кезең-кезеңімен ұмтылатын болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.



