1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметінде не өзгереді – министр жауап берді


Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Баспасөз конференциясында БАҚ өкілдері Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан 1 мамырдан бастап өзгергелі жатқан жедел жәрдем қызметі және мобильді бригадалар туралы сұрады.
«Осы жобаның уақытын шегеру туралы шешім қабылдадыңыздар ма, әлде 1 мамырдан бастап күшіне ене ме? Мұны пилоттық жобамен бастамай, неге бүкіл республика бойынша бастап отырсыздар? Жалпы, 20 мобильді бригаданы 25 мың тұрғынға деп есептеп отыр екенсіздер, олай болса 20 млн халыққа 800 мобильді бригада керек екен. Қазір 800 мобильді бригада дайын тұр ма? Олардың жедел жәрдем қызметінен артықшылығы қандай болады?» - деп сұрақ қойды журналист.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 103-ке қоңырау шалып, жедел медициналық қызметті қажет ететін азаматтар үшін ешқандай тәртіп өзгермейді. Бәрі бұрынғыша қалады. Басты мақсат – емханалардағы жедел жәрдем қызметін тәулік бойы тиімді ұйымдастыру.
«Түнгі уақытта жедел жәрдем қызметі 100% сұраныстарға жауап беріп, тиісті көмекті көрсететін болады. Бұған дейін емханалдар тарапынан жедел жәрдем көрсететін бригадалар болған. Алайда аталған бригадалар барлық емханаларда емес, көбінесе аутсорсингке беру арқылы бұл жұмыстарды орындап келген.
Осыған байланысты жедел жәрдем қызметіне үлкен салмақ түсті. Оларға емхананың қызметін атқаруға және өздерінің де қызметін атқаруға тура келді. Сондықтан жедел жәрдем қызметі шақыртуларға кешігіп барып жүрді. Соған байланысты күндізгі уақытта созылмалы аурулармен ауыратын науқастарға көрсетілетін қызметті, яғни 4-категориялы қызметтің барлығын емханалар өздері атқару керек. 20.00-ден кейін барлық тиісті қоңыраулар жедел жәрдем қызметінің тарапынан атқарылатын болады», - деді А.Әлназарова.
Ал мобильдік топтарға байланысты бұйрық 1 мамырдан бастап күшіне енеді. Өйткені оған дейін 1 жылға жуық тиісті дайындық жұмыстары жүргізілген.
«Бүгінгі таңда 800 бригаданың 600 бригадасы дайын. Ал 200 бригадасы халқы аз емханаларға тиесілі. Бұл емханалар өзге емханалармен аутсорсингке отырып, келісімшарт жасау арқылы жұмысын жүргізе алады», - деді министр.



