00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жазғы Универсиада: Спортшыларымызға сәттілік қаншалықты серік болды?

10 тамыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жазғы Универсиада: Спортшыларымызға сәттілік қаншалықты серік болды?

Қытайдың Чэнду қаласында өткен XXXI жазғы Универсиада ойындары өз мәресіне жетті деп, хабарлады Elorda info. 

28 шілде – 8 тамыз аралығында өткен жазғы Универсиадада жерлестеріміз 2 алтын, 7 күміс, 11 қола жүлдемен жалпы есепте 20-орынға табан тіреді. Бұл көрсеткіш ел тарихындағы үздік төртінші нәтиже саналады. 2 жылда бір рет өткізілетін айтулы шараға Қазақстан құрамасы сонау 1993 жылғы Баффалодағы жазғы Универсиададан бері қатысып келеді. 

 Қазақстан әр спортта қалай өнер көрсетті?

Жалпы, 18 спорт түрінен өткен жазғы Универсиадада 87 студентіміз 9 жаттығу түрінен жүлдеге ие болды.

Спорттық гимнастика – 1 алтын, 2 күміс, 1 қола. (5 спортшы қатысты)

Токио Олимпиадасының қатысушысы, Париж Олимпиадасында жүлде күтетін спортшымыздың бірі – Милад Карими спорттық жаттығудың 3 бағдарламасында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде алды. Сондай-ақ, Нариман Құрбанов та ат снаряды бойынша күміс жүлде алды. Қос жерлесіміз 2019 жылғы Универсиада да 2-орыннан көрінген болатын.

Таэквондо – 1 алтын, 1 қола. (12 спортшы қатысты)

Бұл спорт түрінде 46 келіде сынға түскен Рита Бакишеваға қарсылас шақ келмесе, командалық сайыста ерлер құрамасы қола жүлдегер атанды. Жалпы, таэквондо бойынша Қазақстан тарихында 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында 80 келідегі Арман Чилманов ғана қола жүлде алған.

Көркем гимнастика – 2 күміс, 1 қола. (2 спортшы қатысты)

Ұлттық құраманың көшбасшысы, Әлия Юсупованы ұстаз санайтын Азия чемпионы, 17 жастағы Эльжана Таниева 3 жаттығу бойынша жүлдегер атанды.

Мылтық ату – 2 күміс, 1 қола. (11 спортшы қатысты)

Мылтық атудан барлық жүлдені ерлер құрамасы мен Никита Черюкин иеленді.

Садақ ату – 1 күміс. (12 спортшы қатысты)

Садақ атудан ұлттық құраманың мүшесі Диана Тұрсынбек плей-офф жүйесі бойынша 50 спортшының арасында финалға дейін жетті. Финалда отандасымыз садақ атудан әлемдік көшбасшы Оңтүстік Кореяның намысын қорғаған Чхве Мисоннан тартысты бәсекеде жеңілді. Бірақ бұл спортшы Рио Олимпиадасының чемпионы әрі әлем чемпионы екендігін ұмытпайық. Жарыс жолында Диана командалық сында әлем чемпионы Пэн Цзя-Мао (Тайвань), жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың күміс жүлдегері Мелани Габильді (Франция) жеңді.

Дзюдо – 3 қола. (12 спортшы қатысты)

Дзюдодан ұлттық құрамада жаттығатын Сұңғат Жұбатқан, Асқар Нарқұлов, Бекарыс Садуақастар қола жүлдені місе тұтты.

Ушу – 2 қола. (5 спортшы қатысты)

Ушу спорты тек жасөспірімдер арасындағы Олимпиадаға ғана кіргізілген. 60 келіде өнер көрсеткен Бексұлтан Қоскенов пен Айгерім Төреханова жүлдеге ілікті.

Семсерлесу – 1 қола. (12 спортшы қатысты)

Әлем чемпионатында тарихи жүлдеге қол жеткізген Қазақстан құрамасының семсерлесушілері Универсиада да жүлдесіз қайтпады. Қылыштасудан командалық бәсекеде ерлер құрамасы жартылай финалға дейін жетті.

Жүзу – 1 қола. (5 спортшы қатысты)

Жүзуден Қазақстан рекордтарын бұзып жүрген 23 жастағы Әділбек Мусин жақында ғана аяқталған әлем чемпионатынан соң, Универсиадада қола алды.

Жеңіл атлетика – 0 (15 спортшы қатысты)

Өкінішке қарай, Универсиадаға ең көп спортшы қатысқан жеңіл атлетикада жүлде бұйырмады. Құраманың көшбасшылары қатысса да, әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая 4-орынға тұрақтады. Ал Азия біріншілігінде топ жарған Кристина Овчинникова мен 2019 жылғы күміс жүлдегер Михаил Литвин жүлдеден тыс қалды.

Үстел теннисі – 0 (2 спортшы қатысты)

Универсиада деген аты болса да, бұл турнир спортшыларымыздың дайындығын көрсетеді. Осы додаға барған спортшылардың бір бөлігі 1 айдан соң, лицензиялық Азия ойындарына баратыны анық.

Айта кетейік аталмыш Универсиада 2021 жылы өту керек еді. Алайда пандемия салдарынан 2022 жылға, артынша 2023 жылға шегерілді.

                                                                                                                       Қанат БАЙҰЗАҚОВ