Павел Коруц: Қыздарымыз әлем чемпионатындағы ең жас құрама болды
Шахматтан Польшада өткен қыздар арасындағы командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бірінші мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осы орайда Elorda.info тілшісі қыздар құрамасының бас бапкері Павел Коруцпен шағын сұхбат жасады.
Әлем чемпионатына баратын шахматшыларды қалай таңдадыңыздар?
Польшада өткен қыздар арасындағы командалық әлем чемпионатына еліміздің рейтингісіндегі №1 шахматшысы Жансая Әбдімәлік пен үшінші орындағы Динара Сәдуақасова түрлі себептерге байланысты бара алмады. Олардың орнына орташа жасы 18-ді құрайтын Бибісара Асаубаева (рейтингте 2-орын), Меруерт Камалиденова (4-орын), Алуа Нұрманова (4-орын), Әмина Қайырбекова (8-орын), Ксения Балабаева (10-орын), Әсел Серікбайға (11-орын) үміт арттық. Себебі, бұл спортшылар нағыз бабында болды.
Әлем біріншілігіне қатысқан 12 команданың арасында рейтингте 11-орында тұрсақ та, қарсыластарымыз бізді менсібеді деп айта алмаймын. Өйткені бұған дейінгі жарыстарда шахматшыларымыз жоғарғы орындардан көрініп жүрді.
Бибісара Асаубаеваның ересектер арасында әлем чемпионы екендігінен хабардармыз. Ал өзге жерлестеріміз бұған дейін қандай жетістіктерге жеткен еді?
Шахматшылардың барлығы дерлік ересектер арасындағы турнирлерде енді бақ сынап жатыр. Дегенмен, олар жасөспірімдер арасында әлемнің мықты спортшылары деп айта аламын. Мысалы, 18 жастағы Меруерт Камалиденова 2019 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алған. 2021 жылы қыздар арасындағы командалық әлем чемпионатына қатысып, ширек финалға дейін жетті. Ол үшінші тақтада ойнап, сол сәтте қола жүлде алды. 16 жастағы Алуа Нұрманова шахматқа 9 жасында келді. Әйтсе де, 2 жылдан соң, ол 11 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы атанды. 17 жастағы Әмина Қайырбекова 2017 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде иеленген. Ал резервте барған 18 жастағы Ксения Балабаева 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің онлайн әлем біріншілігінде топ жарса, 21 жастағы Әсел Серікбай 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатының күміс жүлдегері деген атағы бар.
Әлем чемпионатында жерлестеріміз өзгелерден қарағанда қандай ерекшелігі болды?
Шахматшыларымыздың орташа жасы – 18-де. Бұл әлем чемпионатындағы ең жас құрама дегенді білдіреді. Шахматтың айналасындағылар жас спортшылардың өте биік шыңдарды бағындыра алатын қауқары барын біледі. Қыздарымыз жастық жігерлерінің арқасында күміс жүлде алды.
Турнирге 12 команда қатысыпты. Олардың арасында қатыса алмаған мықты ұжымдар да болды ма?
Жаһан біріншілігіне кез келген команда қатыса бермейді. Ол үшін Олимпиадада үздік 6 команданың қатарына кіруі немесе өз құрлығында ең үздігі болу керексің. Биыл әлемдік рейтингтегі ТОП-10 елдің арасынан Ресей қатыспады. Ресей Федерациясы жеке спортшы ретінде жарыстарда өнер көрсеткенімен, командалық сайыста қатыса алмайды. Олар өте мықты ұжым. 2021 жылы өткен командалық әлем чемпионатында Ресейдің қыздары топ жарған болатын.
Әлем чемпионатында сіздер үшін қай ойын шешуші болды?
Топтық кезеңнің екінші турында әлемдік рейтингтегі екінші орындағы және 2021 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Үндістанды 2,5:1,5 есебімен жеңіп кеттік. Бұл ойында 3 қызымыз тең түсті. Ал төртінші тақтадағы Әмина Қайырбекова қарсыласынан басым түсті. Осы кездесуден соң сенімділік ұялап, топтан шыға алатынымызды сездік.
Плей-офф барысында жартылай финалдық айқасты да ерекше атап өтуге болады. Өйткені біз бірінші партияда 1:3 есебімен жеңілдік. Екінші партияда ойын тең өтіп жатқанымен, шешуші сәтте Алуа Нұрманова мен Әмина Қайырбекова жеңіске жетті. Тай-брейкте блиц-шахматтан 4:0 есебімен қарсыластан айламызды асырдық. Осының арқасында тарихта алғаш рет финалға шығып, күміс жүлдеге қол жеткіздік.
Осы әлем чемпионатында қай шахматшымыз ерекше көзге түсті?
Бапкер ретінде қыздарымыздың мықтылығын білемін. Алайда әлемде көпшілігі Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасованы танып жатады. Бұл біріншілік Әмина Қайырбекова (5 жеңіс, 1 тең, 3 жеңіліс) мен Алуа Нұрмановамен (4 жеңіс, 4 тең, 2 жеңіліс) де есептесу керектігін дәлелдеді.
13 жылдық үзілістен соң, шахмат Азия ойындарының бағдарламасына қайта қосылды. Қандай мақсатты көздейсіздер?
Азия ойындарында еліміз атынан әйелдер құрамасынан 4 спортшы және ерлерден 4 спортшы бақ сынайды. Олар жеке, блиц, командалық сайыстарда жүлдеге таласады. Әйелдер турнирінде Қытай (рейтингте 1-орын) мен Үндістан (рейтингте 2-орын) басты қарсыластар ретінде саналады. Ал ерлеріміз әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Олимпиада чемпионы Өзбекстан (рейтингте 18-орын), Үндістан (рейтингте 2-орын), Қытаймен (рейтингте 4-орын) күш сынасады.
Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Қанат БАЙҰЗАҚОВ