Құнан мен құлын жарысы: Чемпиондар лигасының финалы қалай өтті

1 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Құнан мен құлын жарысы: Чемпиондар лигасының финалы қалай өтті
Фото: uefa.com

Elordainfo.kz сайтының футбол шолушысы, спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлы УЕФА Чемпиондар лигасының финалына шолу жасады.

Қазақ бәсеке біткенді ат жарысының терминдерімен суреттеп жатушы еді ғой – шаңына ілестірмеді, құйрық тістесті, үзеңгі қағыстырды, шаң қаптырды, ауыздық шайнасты, тсс – сол айтылғандарды еске алсақ, футболдан кеше түнде өткен Чемпиондар лигасының ақтық финалы құнан мен құлынның жарысындай болды.

Менің ұлы ұстазым Сейдахмет Бердіқұловтың футбол жайлы бір әңгімесі бар. Онда Қазақстанның Орталық стадионында Алматының «Қайраты» мен Мәскеудің «Спартагы» ғой деймін, ойнап жатады. Бұл ойынға әңгіме кейіпкері ауылдан қонаққа келген қарт әкесін ерте барады, «Қайраттың» быт-шыт болып жеңіліп жатқанын көріп отырып ақсақал: «Е, бұл бесті мен тайдың жарысындай екен де...» дейді баласына.  

Кешегі финалдық ойынға қатысқан француздың ПСЖ командасы мен Италияның «Интер» командаларының ойыны тура сондай болды. Бір айырмасы – «Интер» бесті түгілі құнан боп та жарытпай, тай секілді орташа да қарсыласпай, жаңа туған құлын болып көгал шөпте арлы-берлі домалады да қалды. Жарыс басында бұл бәсекеге іріктеліп шақырылған қырық шақты командадан еліктей болып озып шыққан екі-ақ команданың бірі болған соң, ең болмаса, қарсыласпас па, ең болмаса, жұлқыспас па, ең болмаса, алыспас-жұлыспас па, ең болмаса, қақпасына зеңбіректің оғындай болып кірген (бұл жерде көп орын алып жататын пенальтидің болмағанын да ескертеміз – Н.Ж.) бес допқа бір доппен жауап бермес пе?! Олар тек ойынның 75-ші минөтінде ПСЖ қақпасына жақсы соққы жасады. Бірақ оны қақпашы қайтарды. Болды.

Ойынды талдап жатуды қажет деп санамаймын. Көрген нәрсені аузы көпіріп айтуға құмарлар көп. Өз басым ПСЖ-ның айқын жеңетінін ойын басталмай-ақ білген мүскінмін. Оған дәлел – спорттық бәс қойып, көп ақша ұтып алғаным. 

Көріп алған ойынды мүшелеп жіліктеп беру онша қиын шаруа емес: былай істеу керек еді, былай шабуылдау, былай қорғану керек еді, былай соғу, былай қағып алу керек еді, үш қорғаушы, бес қорғаушы, 11 қорғаушы, 11 шабуылшы жіберу керек болатын дегендердің бәрі – ауыз қышығандар. Оның бәрін бапкерлер білген, білген де солай істеген. Нәтиже қай команданың бүгінгі таңда мықты екенін тап басып, дәлелдеп берді. «Интердің» сонша жер-жебіріне жеттің деп өкпелемесін өкпесі бұл итальяндық командаға бұратындар. Бәрін ойынның есебі айтып тұр – 5:0!

Менің бұл ойынды қорытындылай отырып айтарым мыналар: УЕФА-ның осы жолы Чемпиондар лигасының жарысын өткізген жүйесі өте нашар. Мұны бұрын да айтқанмын, жазғанмын. Бүкіл Еуропадан 36-40 команданы іріктеп алып, оларды ұзын тізімге салақтатып тіркеп, үйде төрт, түзде төрт ойыннан ойнайсыңдар содан соң сегізің төбе басында, сегізің төбе белінде боласыңдар, қалған 16-ың төбе етегінде қаласыңдар. Содан соң екеудің арасындағы ары тарт-бері тарт ойын, жеңгенің жоғарылайсың, жеңілгенің үйіңе қайтасың дегендері жүйе емес. Осы Олимпиадалық жүйеге жеткен командалардың арасында да бір-бірімен ойнамағандар да бар. Бұл болмайтын әдіс. Финалға дейін өткен іріктеулер тек екі команданы анықтау үшін болмауы керек, ол – финалда тастай қатып, бір-біріне өліспей беріспейтін терезесі тең екі команданы анықтауда ғой. Мына жүйе ондай күнге жеткізген жоқ. Сөздің қысқасы – бұрынғы топ-топқа бөліп жарыстыратын жүйе әлдеқайда қызық, әлдеқайда әділ еді деген қорытынды жасаймын өз басым.  

ПСЖ – арманына жетті және француз футболын ұшпаққа шығарды.  Құрамына небір дүлдүлдерді бағасына қарамай (Неймарды 222 млн долларға сатып алды, тсс) жинаған париждік команда ақыры бақыт құсын қондырды қолдарына. Бір қызығы, Чемпиондар лигасын жеңіп алу мақсатымен «Реалға» ауысқан Мбаппе боқ басып қалды ал, осы жолда табандылық танытқан қақпашы Доннарума бақытын тапты. Қайран арпалысқа толы дүние-ай, қай ісіміз дұрыс, қай ісіміз бұрыс – осыны білген жанда не арман бар екен?

«Интер» жаман команда деп ешкім айта алмайды. Чемпиондар лигасын үш рет ұтқан, таяу жылдары ғана осындай финалда болған ұжым атақты-ақ. Бірақ финалдық бір ойында анықталатын жеңімпаздың кубогы атақтыға емес, дәл осы ойындағы мықтыға берілмей ме? Мықтыға бере салса, «Реалға», «Манситиге», «Барселонаға», «Манюнайтедке», «Ливерпульге», тсс бере салмай ма?! Ал бұл ойында «Интер» жер бауырлап қалды. Оларда көшбасшы футболшы табылмады, маңдайы жарқыраған шабуылшы болмады, бытырай шапқылаған 11 ойыншыны жұдырықтай жұмылдыратын қолбасшы болмады. Бар үміт Лаутара Мартинесте еді, ол да француздардың Напалеонша шабуылынан кейін шалғындай жапырылды.

ПСЖ – көрерменді таң қалдырды. Әсіресе, Дуе мен Кварацхелияға бас идім мен. Екеуі де жап-жас футболшылар. Бұл да команданы жасақтайтын бапкерлер тобының көрегендігін дәлелдейді. Осы Чемпиондар лигасының жарыстары кезінде Грузия футболы талантқа бай болғанын, бай екенін, таланттарды тудыра беретінін тағы дәлелдеді. Кипиани, Дзодзуашвили, Чивадзе, Кварацхелия. Кварацхелияның осы финалда соққан добы қандай! Жұлдыздай ағып келе жатқанына қарамай, қақпашы тасқамал жауып үлгерген оң бұрыштың бағанасы мен қақпашысы арасына қол симас саңлауға ала допты доғаша иіп шиырып ұрғанда, ине өтпейтін жерге зеңбіректің оғы барып кірш етіп қадалды! Оны ұрған грузиннің болашақта аңыз болар ұланы – Кварацхелия! 

Жиырма екі адам бір-ақ допты қуатын осы бір таңсық ойынды көріп отырып, Кварацхелияны көргенде ұлтыңның талантты ұландарын ойлап, не жайнап, не жасып кететінің не құдірет екен?  Жап-жас француз Дуе, кеше ғана Қазақстан жастарымен бірге доп тепкен балғын Кварацхелиялар атойлаған командамыз болар ма екен бізде де, жалған-ай?! Болар, болар, оны кейінгі ұрпақ көрер, біздің арманды естеріне алар. Кварацхелия сол додадан өсіп жетіліп, Чемпиондар лигасын жеңіп алды, ал, онымен бәсекелескен қазақ балалары үнсіз. Кімге айтайық, кімге жалынып-жалбарынайық, кімге? Керегі жоқ! Алладан басқа ешкімге тізерлеудің керегі жоқ, тек балаларымыз бен келіндеріміздің құлағына алтын сырға – таба беріңдер ұл мен қызды, талант көптен шығады, батыр намыстыдан шығады. Қазақ деген ұлы ұлттың  ұрпағын еселеңдер, айналайындар!      

Екі адам жайлы ерекше айтқым келеді. Бірі – «Интердің» бапкері Индзаги. Ала допқа арбала жүріп, бес әлем чемпионатына барғанда Индзагидің ойынын талай рет түбінен көрдім. Чемпионат жайлы кітаптарымда тұр ол көргенім жайлы аңыздар. Ол 90 минут бойы бір тынбайтын, ұршықша иірілген ғажап футболшы болатын.  Ғаламат шабуылшы болды. Команданың «жүрегі» еді. Бапкер ретінде де сол қасиеттерінен айнымапты. Осы ойындағы 90 минут бойы бір тынбай, алаң қапталын таптап жүгірді де жүрді. Секірді де, айқайлады да, жер тепкіледі де, қол сермеді де. Бірақ бұл күні ПСЖ «Интерді» лақша өңгеріп кетті. Ойын тізгіні Индзагиден үзіліп, Энрикенің білегінде кетті.

Энрикені де көргемін таяу жерден. Ол да тынбайтын футболшы еді.  Сәл жүйкесі жұқалау жігіт болатын. Ұстаса кететін, боқтасып қалатын. Тағдырдың соққысын да көрді. Бірақ мақсатына жетті, француз футболын мақсатына жеткізді. Кеше байқадыңыздар ма, 90 минут өзі жүгіргендей, екі жылдың босағасында өткен дайындық кезеңі мен іріктеу жарыстарының бәрінде өзі ойнағандай, қаншардай қатып, бәйге атындай жарап тұр. Тіпті жүдеулеу, қайғылылау көрінді бір қарағанда. Бәрі бар онда, бәрі өтті басынан.  Мынадай ұлы жеңіске басшысы мен қосшысы бірдей сыналмай ешкім жеткен емес. Қарындары көк тіреген кейбір бапкерлер бар – олар таңның атып, кештің батқанына, ай аунап түсіп, жалақысы келгеніне мәз. Тамақ аңдыған батыр болмайды, тоғышар жеңісті аңсамайды.

Бұл жарқыраған күнді бұлтша тұтқан оқиға – Парижде жеңісті тойлаймыз деп, қаланы талқандауға дейін барған тентек жанкүйерлер әрекеті. Оның ішінде көбі үйсіз-күйсіз келімсек жандар. Бұл Еуропа үшін жұт боп тұрған жағдай. Кінә өздерінен.  Демократияшыл боламыз деп босқындарды бөліп алып жатыр, алып жатыр. Мақсаттары – арзан жұмыс қолын көбейту болатын.  Енді ғана шекелеріне тиіп жатыр. Бізге де жақсы футбол келсе де Еуропа көріп жатқан құқайлар келмесе екен. Бір уыс ұлтымыз екі уыс босқындармен жағаласып, жеңіске жете алмас. Беті аулақ! «Ет жемесек жемейік, етегіңді жап, құдағи!» деген екен ертеде бір есті атамыз.