Әмір Омарханов «Уимблдон» турнирінің жартылай финалына шықты

11 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Әмір Омарханов «Уимблдон» турнирінің жартылай финалына шықты
Фото: ktf.kz

Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында жұптық сында «Уимблдон» турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлады Elordainfo.kz

Қазақстандық теннисші ресейлік Егор Плешивцевпен бірге ширек финалда оңтүстікамерикалық Коннор Доиг – үндістандық Криш Тьяджимен кездесті.

Бірінші партияны қазақстандық-ресейлік дуэт брейкпен аяқтады – 6:4. Олар екінші сетте де 4:2 есебімен алға шыққанымен, оңтүстікамерикалық-үндістандық жұп таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Әмір мен Егор жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:8).

Өткен жылы Әмір Ролан Гаррос турнирінде ресейлік Тимофей Дерепаскомен бірге жартылай финалда өнер көрсеткен еді. 

Айта кетейік, Омарханов – Қазақстан теннисі тарихында жасөспірімдер арасында осындай табысқа жеткен үшінші спортшы. 1997 жылы Ирина Селютина зимбабвелік Кара Блэкпен бірге Франция ашық чемпионаты мен «Уимблдонда» үздік шыққан еді. Сондай-ақ Әмина Рахым 2005 жылы Ролан Гарростың финалына, АҚШ чемпионатының жартылай финалына дейін жетті. Бір жылдан кейін Аустралия біріншілігінің жартылай финалында ойнады.