Ербол Мырзабосынов Милан Олимпиадасының жолдамасына үміткер спортшылармен кездесті

Бүгін, 13:35
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ербол Мырзабосынов Милан Олимпиадасының жолдамасына үміткер спортшылармен кездесті
Фото: Туризм жəне спорт министрлігінен

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиадаға дайындалып жатқан ұлттық құрама мүшелерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Кездесуге конькимен жүгіру өкілі Евгений Кошкин мен ұлттық құрама бас бапкері Александр Панфилов және фристайл-могул спортшысы Анастасия Городко мен бас бапкер Елена Круглыхина қатысты.

Кездесуде Олимпиадаға дайындық барысы, спортшыларға жасалып жатқан жағдай мен алдағы жоспарлар талқыланды. Министр қазіргі кезде ұлттық құрама үшін нақты жұмыс жоспары бекітілгенін атап өтті. Бұл жоспар аясында медальға үміткер спортшылар іріктеліп, оларды жан-жақты қолдау көзделген.

«Бұл тек жаттығу жиындарын өткізу емес. Әр спортшыға жеке бағдарлама жасалады. Қалпына келу, медициналық және психологиялық қолдау, сараптамалық және әдістемелік көмек те қарастырылған», - деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар министр жуырда қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заңның маңызын айтып өтті. Бұл заң спортшылар мен жаттықтырушылардың мәртебесін көтеруге, бұқаралық спортты қолдауға және жалпы спорт саласын дамытуға бағытталған.

Министр кейінгі жылдары еліміздегі спорттық инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып жатқанын айтты. Жаттығу базалары халықаралық стандарттарға сай жабдықталып келеді.

Айта кетейік, Евгений Кошкин биылғы маусымда 500 метрлік жарыста әлем кубогының екі кезеңінде топ жарып, Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Ал Анастасия Городко жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мен Универсиадада үздік шықты. Сонымен қатар ол әлем чемпионатының қола жүлдесін және әлем кубогының бірнеше кезеңінде жүлделі орындарды иеленді.

Кездесу соңында министр спортшылардың жетістіктеріне оң баға беріп, басты мақсат – Миланда өтетін Олимпиадада сәтті өнер көрсету екенін айтты.