Азия ойындары: Астаналық спортшылар А финалына жолдама алды
Қытайдың Ханчжоу қаласындағы ХІХ жазғы Азия ойындарында академиялық ескек есуден іріктеу сайыстары өтіп, тоғыз қазақстандық спортшы жарыс жолына шықты. Олардың қатарында астаналық спортшылар да бар, деп хабарлады Elorda.info әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ерлер арасындағы жұптық бәсекеде ел намысын қорғаған Астана қаласының спортшылары Ярослав Мельников пен Тимур Фомичев жұбы екі мың метр қашықтықты 6 минут 54.07 секундта жүзіп, мәреге төртінші болып келді. Бұл нәтиже отандастарымыздың А финалына жолдама алуына мүмкіндік берді.
Академиялық ескек есуден ерлер арасындағы жұптық сынның финалы 24 қыркүйек күні өтеді деп жоспарланған.
Ал академиялық ескек есуден әйелдердің жұптық бәсекесінде ел намысын Светлана Германович пен елордалық спортшы Мария Чернец қорғады. Жазғы Азиаданың іріктеу кезеңінде отандастарымыз 2 мың метрді 7 минут 18.36 секундта жүзіп өтті. Осылайша, Германович-Чернец дуэті мәреге төртінші болып жетті.
Ертең қыздарымыз іріктеудің екінші сынында финал жолдамасы үшін таласады.
Айта кетейік, отандастарымыз жекелей бәсекеде, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық сайыста бақ сынайды. Сонымен қатар, қыздарымыз төрттік жарыстың іріктеуінде өнер көрсетеді.