«Қажымұқан жолы» турнирінің жеңімпаздары анықталды
Елорда төріндегі QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенінде «Қажымұқан жолы» атты ұлттық турнирі өтті, деп хабарлады Elorda info.
Шараға Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Қазақстан спортшылар одағының төрағасы Азамат Қарлығашев және бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мерей Ақшалов қатысты.
Құттықтау сөзінде басқарма басшысы айтулы шара Қажымұқан, Балуан Шолақтардың жаттығу үрдісін жалғап, халық арасында кеңінен насихатталып танымал болғандығын айырықша атап өтті.
Балуан Шолақ, Қажымұқан секілді алып бабаларымыздың жолын жалғастырып, ерлігін үлгі етер осындай сайыстың бүгінгі таңда қайта жаңғырып жатқандығы дүйім жұрт үшін жағымды жаңалық. Осындай алыптар сайысынан аты аңызға айналатын спортшылар шығып, кешегі ел тарихындағы толағайлардың ізін басатын, тұлпарының дүбірі даланы шайқаған батыр бабалардың ұрпағы деген атқа лайық болатын алыптардың қатары көбейе берсін. Қажымұқан бабамыздың белбеуі үшін күш сынасатын айтулы бәсекеде өздеріңізді көргеніме қуаныштымын! Тамаша спорттық мерекенің куәгері болайық, - деп Самат Жылқыбаев жарыс қатысушылары мен ұйымдастырушыларына өз алғысын білдірді.
Сондай-ақ турнирдің арнайы қонағы ретінде қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Әжіғалиев және т.б атақты спортшылар келді.
Айтулы жобаның авторы және бастамашысы - атақты палуан және Гиннестің рекордтар кітабының рекордшысы Сергей Цырульников шара барысында болат темірді майыстырып, жиналған жұртшылықты таңдай қақтырды. Ол өз кезегінде туындысын қала әкімінің орынбасары Есет Берікұлына сыйға тартты.
Сайдың тасындай 8 батыр сайыстың 5 түрі бойынша яғни, 60, 70, 80, 90 келі аралығындағы қапшықты жылдамдыққа көтеру, 1 минутта 140 келілік тасты биіктігі 1 метрлік тумбаның үстіне мейлінше көп қою, темір таға пішіндес ретінде жылдам майыстыру, 100 келіден асатын томарды иыққа салып көтеру, белдесуде сынға түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша, чемпиондық атақ Ахметов Болатқа, күміс жүлде Өмірбек Ақеділге, қола жүлде Тілеген Габдулинге бұйырып, арнайы ұлттық дәстүріміздің бұйымдарымен, дипломмен марапатталды.
Айта кетейік, ерекше жоба алғаш рет 2007 жылы жүзеге асқан.
Қанат Байұзақов