Қазақстан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында тарихи алтын алды
Қазақстан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында тарихи алтын алды
Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары чемпион атанды, деп хабарлады Elorda.info.
Су түрлерінен Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатында әртістік жүзуден техникалық аралас дуэт бағдарламасында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова чемпион атанды.
1-орын. Қазақстан — 228.0050 ұпай
2-орын. Қытай — 223.3166 ұпай
3-орын. Мексика — 217.5192 ұпай
Жарыс барысында жерлестеріміз әлем чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпаздары Қытай, Испания сынды мемлекеттерден озып кетті.
Бұл Қазақстан атлеттерінің су спорты түрлерінен әлем чемпионатында қол жеткізген алғашқы алтын медалі. Бірінші жүлдені былтыр Жапонияда өткен әлем чемпионатында техникалық бағдарламада Эдуард Ким (қола медаль) жеңіп алған.
Қазір Қазақстан жалпы есепте 1 алтынмен 5-орынға көтерілді. Көш басында Қытай тұр. Қазір Қатарда 17 мемлекет жүлдеге ие болды.
Әлем чемпионатындағы бұған дейінгі ең үздік көрсеткіштеріміз:
— 2023 жыл. 3-орын. Әртістік жүзу. Техникалық бағдарлама. Эдуард Ким
— 2015 жыл. 100 метрге брасс әдісімен жүзу. 4-орын (77 қатысушы). Дмитрий Баландин
— 200 метрге брасс әдісімен жүзу. 6-орын (52 қатысушы). Дмитрий Баландин
— 2019 жыл. 100 метрге брасс әдісімен жүзу. 7-орын (87 қатысушы). Дмитрий Баландин
— 2019 жыл. 200 метрге брасс әдісімен жүзу. 7-орын (52 қатысушы). Дмитрий Баландин
— 2017 жыл. 25 шақырымға жүзу. 7-орын (25 қатысушы). Виталий Худяков.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ