00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақ күресін дамытуға арналған меморандумға қол қойылды

26 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақ күресін дамытуға арналған меморандумға қол қойылды
фото: Elordainfo

Ынтымақтастық меморандумының мақсаты – ата-бабаларымыздан асыл мұра болып қалған төл күресіміз – қазақ күресін дамытып, оның аясын кеңейту, деп хабарлады Elorda info.

Шараға Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Ерлан Естек, «Білім болашағы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Қадырова, Астана қаласының Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ректорының м.а. Болатбек Дукетаев, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, және «Астана қалалық Қазақ күресі Федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Батырбек Әбділдин қатысты. 

Жиын барысында тараптар қазақ күресінің дамыту аясын кеңейту, теңдік пен өзара түсіністік негізінде ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ тұрақты әріптестік қатынастарды қалыптастыру мақсатында ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойды. 

Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Ерлан Жұмабекұлының айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 4427 қазақ күресі үйірмесі жұмыс істейді. Ал елімізде қазақ күресімен жүйелі түрде айналысатын отандастарымыздың саны 159 мыңға жеткен. Ал бүгінгі меморандумдардың арқасында болашақта бұл санды еселеп арттыруға септігін тигізбек. Яғни, бүгінгі меморандумдар бес мекеменің бірлесіп атқаратын үлкен жұмыстың басы. 

Атап айтқанда, тараптар меморандум аясында Дене шынықтыру және спорт академиясында оқытылатын «6В01404 Qazaq kuresi бойынша педагог- жаттықтырушы» білім беру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өзара ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын дамытуды, дене шынықтыру, бұқаралық және жоғары жетістіктер спорт практикасына спорт ғылымының инновациялық жетістіктерін енгізуді, негізгі кәсіптік білім беру бағдарламалары, жаттықтырушылар мен ғылыми кадрлардың біліктіліктерін арттыратын болады. 

 Ал «Білім болашағы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Қадырова бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

Бүгін үлкен бастама қолға алынып жатыр. Қазақ күресі шығыны аз, көпшілік үшін қолжетімді спорт түрі. Біз жастарымызды білім беру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Дегенмен, ел ертеңі – жастарды ұлттық спорт түріне баулу да маңызды жұмыс. Қазақ күресіне жастарымыздың жігіттік болмысын қалыптастыратын тәрбие құралы ретінде қарауымыз керек. Осы орайда төл күресімізді «BINOM SCHOOL» мектептер желісінде енгізудің маңызы өте жоғары, - дейді Шолпан Маратқызы. 

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев өз кезегінде бұл бастаманың алдағы уақытта үлкен сұранысқа ие болатынына сенімді екенін жеткізді. Ал Астана қаласының Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ректорының м.а. Болатбек Дукетаев 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру байқауының нәтижесінде академияның «Дербестендірілген тәсілді қолдана отырып, қазақ күрес балуандарының жаттығу үрдісін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» атты ғылыми жобасы 70,9 млн. теңгені құрайтын грантты жеңіп алғанын жеткізді. 

Бұл жобаның мақсаты – қазақ күресі балуандары дайындығын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ