00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Қайрат Сәтжанов: Жас боксшылардың жолы ашылды

25 желтоқсан, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Қайрат Сәтжанов: Жас боксшылардың жолы ашылды
Фото: Спортты дамыту дирекциясынан

Бокстан 17-24 желтоқсан аралығында Қарағанды қаласында өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Осы орайда ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Elordainfo.kz сайтына жарысты қорытындылады.

- Қарағанды қаласында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Сіз үшін қалай өтті? Көңіліңізден шыққан жаңа боксшылар болды ма?

Жарыс жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Азия чемпионатына қатысқан спортшылар Қазақстан чемпионатында жүлдеге таласпағандықтан, жас боксшылардың жолдары ашылды. 48 келіде 36 жастағы Теміртас Жүсіпов үстемдік құрғанымен, Нұрзат Оңғаров (Жамбыл облысы), Нұрғиса Тұрабековті (Түркістан облысы) ерекше атап өтуге болады. 19 жастағы қос спортшыға қуаныштымыз. 54 келіде Тимур Қабдешов бірінші орын алса да, күміс жүлдегер Бағлан Кенжебек, Ақтілек Орынбасар, Жандәулет Сәрсенбаев жақсы өнер көрсетті. Аталмыш жас спортшылар біраз тәжірибе жинаса, үздіктердің қатарына қосылуға мүмкіндіктері бар. 60 келіде Шыңғыс Мусинов, 63,5 келіде Алмат Әбдуәлидің болашағынан үміт күтеміз. 67 келіде біршама үзілістен кейін қайта оралған Санатәлі Төлтаев бабында екендігін дәлелдеді. Финалда тартысты айқасты күткен едік. Өкінішке қарай, Санатәлі таңғы 5-те ауырып, ауруханаға түсіп қалды. 71 келіде Фарух Тоқтасынов пен Аман Қонысбеков жақсы әсер қалдырды. 80 келіде жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Төлемісов бірқатар мықтыларды жеңіп, финалда күші жетпей қалды. 86 келідегі Темірлан Мұқатаев өзін бұған дейін де көрсетіп үлгерген. Аса ауыр салмақта Нұрлан Сапарбай өзінің қателіктерінен сабақ шығарып жатыр. Оның інісі Даниал Сапарбаймен де жемісті жұмыс істеуге болады.

- 2023 жылғы жазғы Спартакиадамен салыстырғанда биылғы Қазақстан чемпионатына барлық облыстан қатысты. Бұл жақсы жаңалық. Алайда СҚО-дан тек Сауль Альварес залында жаттығатын Евгений Павлов қана жүлде алды. Осы секілді қай облыста бокстың дамуы кенжелеп тұр?

Иә, Солтүстік Қазақстан облысы бір ғана қола жүлдеге иелік етті. Бірақ бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу және Ұлытау облыстарынан бірде-бір споршы жартылай финалға жете алмады. Әзірше осы өңірлерде ересектер арасындағы бокстың дамуы бәсең болып тұр.

- Қай салмақта сіз күтпеген жайттар тіркелді?

Жалпы күтпеген жайттар болды деп айта алмаймын. Иә, біршама салмақтарда бірқатар боксшылар алғаш рет чемпион атанды. Алайда олардың барлығы ұлттық құрамада жүрген спортшылар. Өзіңе сеніп, мақсат қойсаң міндетті түрде жетесің. Әсіресе, жастар санатынан ауысқан Төрехан Сабырханға риза болдық. Жастар арасында әлем чемпионы атанған соң, ол ұлттық құрамаға енген еді. Алайда Төрехан ұлттық құрамада қатардағы боксшы болуды қанағат тұтпай, Қазақстан чемпионатына қатысып, алтын медальді жеңіп алды.

- Ұлттық құрама Қазақстан чемпионатында жүлде алған және Азия чемпионатының жүлдегерлерінен жасақталады деп едіңіз. Осы орайда чемпионатта бірқатар фавориттердің жүлдеге ілікпегенін де айта кетейік. Олардың тағдыры қалай болмақ?

54 келіде Нұрсұлтан Алтынбек, Кенже Мұратұлын айтар едім. Бәлкім, бұл боксшылар Махмұд Сабырхан қатыспағаннан кейін сәл босаңсып, толық дайын болмай келген болар. Бірақ жеңіліс те оларға сабақ болады деп ойлаймын. Алдағы уақытта олар әр қарсыласына тыңғылықты дайындалып, қайта үздіктердің қатарына енуі мүмкін. Иә, олар ұлттық құрамаға енбеді. Бірақ облыстық спорт басқармасы арқылы оқу-жаттығу жиындарына қатысады.

- Чемпионатқа 2006 жылғы бірқатар боксшыға қатысуға рұқсат бердіңіз. Олардың шлемсіз әрі ересектер арасындағы алғашқы жарысына қандай баға берер едіңіз?

67 келіде Төрехан Сабырхан қатысып қана қоймай, Қазақстан чемпионатының үздік боксшысы атағын иемденді. Төрехан шлемсіз жұдырықтасу қарсыластың әр қимылын бағамдауға мүмкіндік беретінін айтты. Аса ауыр салмақта Аслан Еділбайұлы, 51 келіде Диас Берікбай, Алмас Хиникин ширек финалда сүрінді. Алайда олар үшін бұл үлкен тәжірибе. Осы орайда шәкірттерім әлі жас деп қатыстырмаған кей бапкерлер қателік жасады деп ойлаймын. Одан бөлек, Астанадағы оқу-жаттығу жиынында 2007 жылғы Расул Асанханов 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 5 дүркін әлем чемпионы Хулио Ла Крузбен спарринг өткізді. Соның арқасында жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 1-орын алды. Жастарды тезірек ересектер арасына қоссақ өздері үшін де жақсы болмақ.

- 2025 жылы екі бірдей әлем чемпионатына қатысқалы жатқан жоспарыңызбен бөлістіңіз. Осы орайда 2 ұйымдағы салмақтың айырмашылығы боксшылар үшін қиынға соқпай ма?

Иә, бірінші әлем чемпионаты мамыр-маусым айында Түркияда жоспарланған. Екіншісі қыркүйек айында Англияда өтеді. Қараша айында Азия чемпионаты Бахрейнде ұйымдастырылады. Барлық жарысқа бір боксшы қатыса алмайды. Алда оқу-жаттығу жиындары бар. Дайындықтары мен бапкерлердің ақылдасуына қарай спортшыларды таңдаймыз.

- Көпшілік үшін Париж Олимпиадасына қатысып, алайда көпшілік көзіне түспей жүрген Асланбек Шымбергенов, Қамшыбек Қоңқабаевтың алдағы жоспары қызықтырады. Сондай-ақ ұлттық құраманың мүшесі болған Әбілхан Аманқұл да қайта қосылады деген сыбыс болып еді. Осы жайлы не айтасыз?

Енді оқу-жаттығу жиынымыз 2025 жылы 13 қаңтарда Түркістан оқу-жаттығу базасында басталады. Соған Асланбек Шымбергенов, Қамшыбек Қоңқабаев және т.б. боксшыларды шақырамыз. Болашағына қатысты қандай шешім шығарса да, ешқандай қарсылығымыз жоқ. Ал Әбілхан Аманқұл жарақатына байланысты Қазақстан чемпионатынан тыс қалды. Әйтпесе 1-орын алуға дәмелі еді.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!